Шыбындыкөл жағалауынан бес тонна қоқыс шығарылды

Шығыс Қазақстанда көркі көз тартатын өзен-көлдердің жағасы мен туристік аумақтар тазартылып жатыр.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында осыған дейін Сібе көлдері мен Ақбауыр тарихи кешенінің маңындағы күл-қоқыс жиналған еді. Енді волонтёрлер Ұлан ауданындағы Шыбындыкөл аумағын мұнтаздай етті. Іс-шараға 50 адам қатысты. Жауын-шашынға қарамастан ауыл-аймақ тұрғындары да, қалалықтар да акцияға белсене ат салысты. Өйткені Шыбындыкөл қаладан бар болғаны 90 шақырым жерде. Сондықтан демалушылар жиі барады. Таңнан бастап іске кіріскен еріктілер 5 тоннадан аса қоқыс шығарды.

Қанат Оралбеков, Ұлан ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы:

- Шыбындыкөлдің жағасында жазғы балалар демалыс лагері орналасқан. Осы демалыс басталмай тұрып оқушылар келмей тұрып, біз осы жердің жағасын бір толығымен тазалап өтейік деген ниеттеміз. Мұқым аудан тұрғындары келіп отыр. 50 адам әр ауылдан, сонымен Қатар осы шараның сенбіліктің өткенінен құлағдар болған іргедегі Өскемен қаласынан да азаматтар келіп отыр.