Атырау облысында 60 мың гектар орман алқабын су басты

Атырау облысындағы 60 мың гектардай орман алқабын тасқын су басып кетті, деп хабарлайды 24KZ.

Құрманғазы ауданындағы орманның 80%-і, ал Индер, Махамбет және Атырау қаласы маңындағы тоғай толығымен суда тұр. Бірақ орманшылар: «ағаштарға тасқынның залалы тимейді, керісінше, тал-теректер жаңарып, жаңа өскіндер шығады», – деп отыр.

Жалпы соңғы рет Жайық өзенінің арнасы осыдан 18 жыл бұрын толып, орман-тоғайларға су жайылған.

Мереке Шалқаров, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы:

- Орман қорына алып бара жатқандай залал жоқ. Екінші мәселе – көшеттер.  Орман қорына егуге дайындалған 2 млн-ға жуық тұқымбақтарда көшеттеріміз бар еді. Биылғы көктемде егілгендер де судың астында қалды. Күзде егетін және келер жылға дайындалған көшеттер еді. Оны енді уақыт көрсетеді. Су кеткеннен кейін қарап, Орман кодексінің талаптары бойынша қыркүйек айында орман қорына есептеу жүргіземіз.