Алматыда алғашқы экохаб ашылды
Бұл – «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы ірі жобалардың бірі, деп хабарлайды 24KZ.
Орталықтың басты мақсаты – қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыру, қалдықтарды бөлек жинау мен қайта өңдеуді насихаттау. Алматылықтар экохабқа пластик, алюминий, шыны және табиғатқа зиянды ескі батарея мен күйген шамдарды өткізе алады. Білікті мамандар тұрмыстық қалдықтарды өңдеу ісі бойынша шеберлік сабақтарын өткізеді. Сондай-ақ орталық қызметкерлері қайта өңделген шикізаттан құмыра, стакан, сағат, кәдесый секілді бұйымдарды жасауды үйретеді. Экостартап жобаларға да қолдау көрсетіледі.
Евгений Мұхамеджанов, ECO Network жобасының құрылтайшысы:
- Eco Hab-тың тағы бір мақсаты –экологиялық жобаларды, өнімдерді бір жерге тоғыстыру. Мысалы, тамақ қалдықтарынан жасалған биологиялық тыңайтқыш бар. Тіпті кейбір өнертапқыштар экологиялық химия жасаған. Бір кәсіпкер жануарлар мен өсімдіктерге арналған биологиялық тыңайтқыш өндіріп жатыр. Осындай тың жаңалықтармен осында танысуға болады.
Сонымен қатар бүгін Алматыда республикалық акция аясында бірқатар шара ұйымдастырылды. Нақтырақ айтсақ, «Экокүн: қоқысты дұрыс сұрыптауды үйрену» интерактивті ойыны өтті. Ал қаланың барлық комьюнити орталығында «Қоқыс», «Он бірінші сағат», «Жер тоқтаған күн» фильмдері көрсетіледі.