Су ресурстарын дамыту тұжырымдамасына өзгерістер енгізілді

Биылғы көктем елді әбігерге салды.

Мыңдаған адам үйсіз-күйсіз қалды. Тасқынның беті қайтқанымен, су деңгейі әлі күнге шекті мөлшерден асып тұр.

Иә, былтыр ғана тартылып қалды деп жар салып жатқан Жайықтың жайы осындай. Басқа да өзен-көлдердің қалай тасығанын көзіміз көрді. Енді біз аяқасты болатын осындай жағдайлардан сабақ алдық па? Тасқын тағы қайталанса қайтеміз? Қаншалықты дайынбыз?

Жаһандық жылыну процесі су режиміне де әсер етіп отыр. Ғалымдардың айтуынша, бұрын алапат су тасқыны сирек болатын және ол 40-50 жылда бір қайталануы мүмкін еді. Ал кейінгі кезде жиілеп кеткен.

Эльмира Тәліпова, География және су қауіпсіздігі институтының ғылыми қызметкері:

- Жалпы бұл су басу бұрын бізде белгілі бір уақыттарда циклмен жүретін болса, кейінгі жылдары бұзылды бұл цикл. Бұл қазір жиірек болып жатыр. Оның басты себебі – климат өзгерістері. Бұрын осы су тасу уақыты бір-екі айға созылып, асықпай өтетін болса, қазір қысқа уақыт аралығында және үлкен су көлемі сол уақытта өтіп кетіп жатыр да, су басу алабы кең болып тұр.

Яғни, қар күрт ерігенде топан су қаптайды. Ал биылғы тасқыннан кейін Үкімет су ресурстарын дамыту тұжырымдамасына өзгерістер енгізді. Бөген тұрғызуға, өзендер арнасын кеңейтуге баса көңіл бөлінді. Сонымен қатар қолданыстағы су қоймаларының жағдайын жақсарту қажет.

Сәкен Әтел, ҚР СРИМ Су шаруашылығы комитетінің басқарма басшысы:

- Бірнеше облыста коммуналдық меншіктегі су қоймаларды эксплуатациялық мекемелер болатын. Алайда 8 облыста мұндай мекеме жоқ еді. Қазір сол облыстарда сондай ұйымдар құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі келіп түскен бізге ақпаратқа сәйкес Ақтөбе облысында сол коммуналдық меншіктегі су қоймаларды эксплуатациялау бойынша арнайы ұйым құрылды.

Бұл мекемелер су қоймаларын бабында ұстауға жауапты болады. Бұдан бөлек, елде 7 жылда ірілі-ұсақты 57 су қоймасы салынуға тиіс. Әрине, аталған нысандар да тасқынның зардабын азайтады және соның арқасында топан суды жинап алып, кәдеге жаратуға мүмкіндік туады. 

Авторы: Нұрқанат Қанапия.