Елордада «Aiala» арт-эко фестивалі өтті

Елордада бірінші республикалық «Aiala» арт-эко фестивалінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Жарысқа Қазақстанның әр өңірінен 250-ден астам жасөспірім қатысты. 8, 9 және 10-сынып оқушылары арасындағы республикалық байқауда 36 жұмыс үздік деп танылды. Шара барысында жеңімпаздар анықталып, олардың әрқайсысы бір миллион теңгемен марапатталды.

Конкурсқа қатысуға келген жас шеберлердің бірі – Нұржігіт Науханбаев. Ол – Қызылорда облысының түлегі. Айтуынша, қоқысты қаделі бұйымға айналдырған. Домбыра мен қобызды бейнелеген ол жеңімпаз болуды мақсат еткен.

Нұржігіт Науханбаев, қатысушы:

- Менің жасағаным қалдық заттардан тұрады. Сымдардан және шкивтен. Мұның жасалу техникасы, алдымен заттарды дайындап аламыз және де сым керек болады. Алдымен қобыздың қаңқасын тұрғызамыз. Қалдық сымдарды біріктіріп, оны сәндеп әрлейміз.

Бүгінгі байқаудың 6 қатысушысы жеңімпаз атанды. Оларға бір миллион теңгенің сертификаты табыс етілді. Шараны ұйымдастырушылар балалардың белсенділігін жоғары бағалап отыр.

Нариман Әбілшайықов, «Халық» қайырымдылық қорының басқарушы директоры:

- Бұл конкурс алғашқы рет ұйымдастырылып отыр. Сондықтан да осы конкурсты жыл сайын өткіземіз бе деген жоспарымыз бар. Бұл жұмыс бір күндік емес. Бастапқы жобаға 8-10-сыныптың оқушылары қатысып отыр. Қазақстанның 20 облысынан 180 ауданынан бала қатысып отыр. Өзіміз көргендей, Ақтөбе облысының оқушылары белсенді болып тұр.

Бейбітшілік және келісім сарайындағы арт-эко фестивалі ертең де жалғасын табады. Қонақтар Қазақстанның табиғаты мен экологиялық мәселесіне ұқыпты қарауға арналған «5 элемент» бірегей инсталляциясын тамашалай алады. Шара барысында қатысушыларға сала мамандары шеберлік сағатын өткізеді.

Авторлары: Асантемір Қаршығаұлы, Әнуар Әбдірахманов, Ғалымжан Әбділахат.