Жамбыл облысында шетелден алдырып еккен алма бақтары қурап қалды
Жамбыл облысында 7 жыл бұрын егілген шетелдік алма бақтары қурап жатыр.
Шаруалар әрқайсысы 50 гектар болатын 10 алқаптың жеміссіз жарамай қалғанын айтады. Бұған қаржы институттарынан қолдаудың болмауы себеп. Енді алқапқа кеткен ақшаны мемлекет бізден өндіріп алмақшы деп шағымданып отыр.
46 миллион тг мойнымызға іліп отыр. Мынау садтың түрін көріп тұрсыздар. Қай жақтан төлеймін оны. Өзім пенсионермін.
2017 жылы жылы кооператив құрып, 50 гектар жерге алма еккен 10 бағбанның қазіргі жағдайы бұл. Олар жемісті ел ішінде және алыс-жақын шет елге саудалаймыз деген мақсатта жоба жасап, ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорынан несие алады. Өнімі мол болсын деп Сербиядан 125 мың дана алма көшетін әкелді. Алайда жемісін жей алмады.
Серік Ералиев, шаруа:
- Өз ақшаларымызды шығарып пейнеттеніп жатырмыз. Мынау енді агроном жоқ. Сол алмаларға қарайтын агроном болу керек еді. Алмаларды дұрыс емес жерге отырғызғаны бір, шетелден келген алма жерсінбей жатыр.
Алманың бұл түрі екі жылда өнім беруге тиіс еді. Бірақ олай болмады. Оған бірнеше себеп бар дейді мамандар. Соның бірі тұқымның жергілікті климат пен топыраққа жерсінбеуі. Боған қоса қажетті күтімның дер кезінде жасалмауы. Шаруалардың айтуынша, алғашқы екі жылда тыңайтқышқа берілетін субсидияны алу мүмкін болмады. Қолда бар қаржымен күтім жасаған. Бірақ көшеттер жайқалып кете қоймады. Ал «ҚазАгро» өкілдері шаруалардың шағымы орынсыз деп отыр. Себебі олар қаржыны алып, алма бақты өз дәрежесінде қарай алмады.
Бауыржан Тәжібаев, "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ ОФ директорының орынбасары:
- Енді көптеген проблемалар бар. Кейбір шаруаларда су жоқ дейді. Бірақ су бар. Енді ол әркімнің өз сылтауы бар. Аграрлық несие корпорациясы қаржы ұйымы болғандықтан қарыз алушылар туралы мәліметтерді жария етуге құқымыз жоқ.
Мерей Бает, тілші:
- Мақтауын асырып 700 миллион теңге жұмсалған 50 гектар алма бағы осылай қирап жатыр. О баста агрономдар әр талынан 15 келіге дейін өнім аламыз деп уәде берген. Бірақ қазір бау-бақшаны қамыс қаулап, арамшөп басып кеткен.
Кейінгі жылдары облыстағы 1162 гектар алқапта алма көшеті егілген. Оның қаншасы көгеріп, қаншасы қурағаны туралы жауапты басқарма мамандарында ақпарат жоқ.
Шәкім Момынқұлов, ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Сербиялық тұқымдар келген. Оның барлығы карантиндік, лабораториялық құжаттарының барлығы болған. Ол егілген. Ал шаруаның ары қарай агротехникалық жаңағы препараттармен өңделіп тұрды ма? Сол агротехникалық іс-шаралардың барлығын шаруалар дер кезінде орындауы керек.
Қалай десек те несие берілді, алма егілді. Бірақ жемісі жоқ. Шаруалар шығын шаш етектен дейді. Ал қолдау қоры шаруаларға берген қаржыны өндіріп алу үшін сотқа жүгінбек.
Мерей Бает, Елдар Байділдә