«Таза Қазақстан»: ШҚО-да ондаған қоқыс полигоны тазартылды
Шығыс Қазақстан облысында қоғам белсенділері ондаған қоқыс полигонын тазартты, деп хабарлайды 24kz.
Мәселен, бір ғана Ұлан ауданы Таврия ауылының маңынан соңғы тәулікте екі мың текше метрден астам қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Игі іске жергілікті шаруа қожалықтары да атсалысты. «Таза Қазақстан» акциясы аясында Ұлан ауданынын курорттық аймақтарға жақын аумақтары ретке келтіріліп, бұлақтар мен тасжолдардың маңы қоқыстан тазартылды. Балалар сауықтыру лагерлерінің алаңдары да абаттандырылды.
Сайрангүл Жұмаділова, «Amanat» партиясы облыстық филиалының төрайымы:
- Қазіргі уақытта осы Ұлан ауданының аумағында 150-ден астам жұмысшы жұмыс атқаруда. Оның ішінде мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының басшылары және еріктілер, «Жастар рухының» жастары және осы акцияға атсалысам деген осы аудан тұрғындары, мемлекеттік қызметшілер бар. Барлығы бір адамдай атсалысып жатыр.