ШҚО-да 80 мыңнан астам аула абаттандырылды

Шығыс Қазақстан облысында 400 мыңнан астам тұрғын «Таза Қазақстан» акциясына қатысты, деп хабарлайды 24KZ.

Олардың күшімен өңір аумағындағы 80 мыңға жуық аула абаттандырылып, 26 мың тонна қоқыс шығарылды. Игі іске еріктілер де атсалысып, Глубокое ауданындағы тал-теректер егілген аллеяны тазартты. Сонымен қатар бірнеше шақырым болатын аумақтың арам шөбі жұлынып, ағаштардың түбі мен аялдама сырланды.

Олег Ярмоленко экологиялық акцияны өз ауласын ретке келтіруден бастады. Арамшөптерді шауып, қоқыстан тазартты. Бұл іске ұлын да тартқан. Олегтен көршілері де үлгі алып, аулаларын ретке келтірді.

Олег Ярмоленко, Опытное поле ауылының тұрғыны:

- Егер әрбір адам осылай әрекет етсе, айналамыз таза болатыны сөзсіз. Сосын қоқысты кез келген жерге тастамауды әдет қылған жөн.

Акцияға 75 жастағы еңбек ардагері Ақан Елшінбаев та қатысты. Жергілікті ақсақалдар кеңесінің төрағасы бұл жолы жастардың басын қосып, әрқайсысына аумақтарды белгілеп берді.

Ақан Елшінбаев, Глубокое ауданының тұрғыны:

- Ақсақалдарды шақырамыз. Өзімізбен бірге балаларымызды, немерелерімізді тартамыз. Оларда қатысады. Сөйтіп, жастарға тәрбие береміз. «Таза Қазақстанға» бәрімізде қосылып жүрміз. Акциясы өте дұрыс. Ауылымыз таза болғаны бізге жақсы.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына 100 мыңнан артық адам қатысты. Қала мен ауыл-аймақта 40 мың түп ағаш егілді. Глубокое ауданының өзінде тал-теректер аллеясы абаттандырылды.

Аманбай Нұркенов, «AMANAT» партиясының ОФ атқарушы хатшысының орынбасары:

- Шығыс Қазақстанда бүгінгі күні негізі 12 осындай ластанған аймақта жұмыс жүріп жатыр. Бүгін біз Опытное поле ауылындамыз. 100-ден астам адам осы шараға қатысып жатыр. Бүгінгі мақсат – мына ауылға кіреберістен қаланың шетіне дейінгі жолдың бойындағы күл-қоқыстан тазарту. Ағаштың жанындағы өсіп тұрған шөптерді қырқу. Содан кейін ағаштарды әктеу болып табылады.

Ал Абай облысының Курчатов қаласында Достық үйі ұжымының бастамасымен Ертістің жағалауы тазартылды. Бұл іске этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен еріктілер қатысты.

Табиғат жанашырлары Шығыс Қазақстан облысының көрікті жерлерінде шолып шықты. Жүздеген мың текше метр қоқыс шығарылды. Ұлан ауданының өзінде 45 ауылда абаттандыру ісі жүріп жатыр. Өскемен, Алтай және Шемонаиха қалаларында 80 мың аула ретке келтірілді.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Вячеслав Ветлугин, Асем Утешева, Жигер Бабақанов.