Жамбыл облысында оқушылар қалдықтан қолөнер бұйымын жасады
Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы басталғалы 1700-ден аса сенбілік ұйымдастырылды, деп хабарлайды 24KZ.
Оған облыстың жасы да, кәрісі де атсалысып жатыр. Мәселен, шығармашылықты дамыту орталығының оқушылары кәдімгі қоқысты кәдеге жаратып, түрлі бұйымдар жасаған. Ал қарттар болса саябақтарды тазартуға көмегін тигізіп жатыр.
Пластик құты, картон мен газет-журнал, одан қалды қалдық мата. Көрмеге қойылған туындының барлығы осы сынды қажетсіз заттан жасалған. Шығармашылықты дамыту орталығының оқушылары осылайша «Таза Қазақстанға» үн қосып жатыр.
Мерей Бает, тілші:
- Көрмеге талантты балалардың қолынан шыққан мынадай түрлі картиналар қойылған. Мәселен, мына туынды 3D форматта жасалған. Бұл толықтай қажетсіз заттардан құралыпты. Жақтауы ағаштардан болса, бетіне картон жабыстырылып, оның бетіндегі үйшіктер құрылыс қалдықтарынан жасалған. Ал көркемдеп тұрған майда тастарды даладан жиып алып келген.
Жас қолөнешілер акция басталғалы 200-ге жуық бұйым жасаған. Оның ішінде картиналар мен қуыршақ, ыдыстар мен бала қиялынан туған түрлі заттар бар. Ал орталық педагогтері бүгін осы бағыттағы шеберлік сағаттарын өткізді.
Ботагөз Қуатбек, шығармашылықты дамыту орталығының маманы:
- Қолымда тұрған мына құмыраға 1,5 ай уақыт кетті. Картоннан бірінші өзімізге керекті каркасын тұрғызып аламыз. Газет-журналдарды суға ерітіп, оны сығып алып, ПВА желімменен араластырып, осы каркасқа жабыстырып шығамыз. Жабыстырып болғаннан кейін кептіріп, кептіріп болғаннан кейін бояулармен бояп шығамыз. Керекті осындай әшекейлермен әшекейлеуге де болады.
Көрмемен қатар акция аясында сенбіліктер ұйымдастырылды. Саябақ- гүлзарлар мен тарихи орындар қоқыстан тазартылды. Солардың бірі Мамыр саябағында өтті. Оған 200 тұрғын қатысты. Жастармен бірге қала қарттары да тазалық жұмыстарына үлес қосып жатыр.
Малтабар Жаманбаев, ардагерлер кеңесінің мүшесі:
- Біздің ардагерлеріміз биыл да акцияға толық қатысып келе жатыр. Осы қала ішіндегі саябақтарға мыңға жуық көшет егуге қатысты. Қаламыздағы үлкен канал – Қарасу каналын тазалауға да қатысты. Ардагерлеріміз жай сөздермен емес, өздерінің ісімен де дәлелді болды.
Акция аясында биыл Таразда 60 шақырымдық 8 канал мен су арнасы механикалық тазартудан өтеді. Шаһар аумағындағы 40 шақырым болатын арық жүйелері де жаңарады. Бұл жұмыстарға қала қазынасынан 3,2 миллиард теңге бөлінді.
Бақытжан Орынбеков, Тараз қаласының әкімі:
- Осы каналдарды биыл механикалық тазалаудан өткізіп жатырмыз. Барлық каналдардың ұзақтығы – 60 шақырым. Биыл тазалау жұмыстарын жүргізіп, биыл осы Түйте каналының бойында осы қала тұрғындары үшін каналдың бойын демалыс орнына айналдыру жобасы іске асырылып жатыр.
«Таза Қазақстан» акциясы басталғалы облыста 1700-ден аса сенбілік ұйымдастырылды. Оған 220 мыңнан аса тұрғын қатысты. Игілікті іс алдағы уақытта да жалғасын табады.
Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә.