«Таза Қазақстан» road-эстафетасы басталды
Табиғат жанашырларынан құралған тазалық керуені Ақмоладан Алматы облысына жолға шықты, деп хабарлайды 24KZ.
Экобелсенділер екі аралықтағы автомагистраль бойындағы қоқысты тазалап, Қонаев қаласына дейін баруды ниет еткен. Көш қатарында депутаттар, «AMANAT» партиясының мүшелері мен ерікті жастар бар. «Таза Қазақстан» road-эстафетасынан біздің арна қызметкерлері де тыс қалмады.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экоакциясына осы уақытқа дейін 750 мыңға жуық жан қатысқан. Олар 160 мың тонна қоқысты тазалап, қоршаған ортаға қамқорлық танытқан. Бүгін де Ақмола облысы Аршалы ауданының тұсында экобелсенділер басқосты. Бұл жолы олар Астана мен Алматы қалаларының аралығындағы 1200 шақырымды тазаламақшы. Біз де қолымыздан келгенше атсалыстық.
Ақмола, Қарғанды, Жамбыл, Алматы облыстары. Тазалық керуені бір апта уақытта осы аралықты басып өтуге ниетті. Олар жол бойындағы қоқысты тазалап, арнайы полигондарға жеткізеді. Қалдықтарды қайта өңдеу де көзделген.
Дәулет Кәрібек, «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы:
- «Таза Қазақстан» ең бірінші өзімізден басталады. Таза және тәртіпті ел ең бірінші өзіміздің азаматтарымыз үшін қажет. Сондықтанда мемлекет басшысы осы тазалық мәселесін, «Таза Қазақстанды» жалпыұлттық деңгейде көтеріп отырғаны да сонда деп ойлаймын. Біз үшін таза, тәртіпті, ұқыпты және бір-біріне мейіріммен қарайтын ортада өмір сүру бұл азаматтық нормаға және біздің өзіміздің күнделікті әдетімізге, ғұрыпымызға айналуы қажет.
Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жастарды қозғап, ел біздікі, жер біздікі. «Таза Қазақстан» енді Президенттің бастамасымен басталды ғой. Соны қолдап, әрі қарай алып кетіп. Сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде болуы керек деген мақсатпен үлкен масштабты жоба басталып жатыр. Бұл да енді болмаған деп айтсақ болады, себебі ойланыңыздаршы, Астанадан Алматыға дейінгі шақырым – кемінде 1200 шақырымдық жол.
Іс-шараға «1 команда – 1 облыс» қағидатымен құрылған командалар қатысып жатыр. Топ құрамында депутаттар мен қоғам белсенділері және ерікті жастар бар. Олар тазалық жұмыстарын жүргізумен қатар әр өңірде тұрғындармен кездесулер өткізіп, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экоакциясын насихаттайды.
Ақерке Искандерова, «Жастар Рухы» ЖҚ төрағасы:
- Бұл акцияның ерекшелігі, бұл жерде біз жол бойын тазартып қана өтпей, аудандарға кіріп, аудан жастарымен, ауыл жастарымен экологиялық сана бойынша жұмыс жасаймыз. Депутаттар өз кездесулерін өткізеді. Жалпы елімізде экологиялық сананы дамыту бағытында толыққанды жұмыс жүргізіледі және де біз ақпараттық жұмыс жасаймыз. Бұл жерде тағы айта кететін жайт, өрт қауіпсіздігі кезеңі келе жатыр, жазғы мезгіл. Сол бағыттарда аудандарда ақпараттандыру жұмыстарын жүргіземіз.
Эстафетаға бас-аяғы 2 мыңнан аса адам қатысады. Олар апта аяғында Қонаев қаласына жетіп, шараны сонда қорытындылайды.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Руслан Алиев.