Абай облысы Бородулиха ауданы «Таза Қазақстан» акциясына атсалысты

Абай облысы Бородулиха ауданының тұрғындары қоғамдық орындар мен ойын алаңдарын қоқыстан тазартты.

Экологиялық шара басталғалы аудан бойынша 9 мыңға жуық адам тазалық жұмыстарына үлес қосқан. Қазір өңірде «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Таза ауыл» апталығы өтіп жатыр. 

Ұлжан Оңалбаева Бородулиха ауданында 30 жылдан бері тұрады. Аудандық ауруханада жұмыс істейді. Айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясына ұжым болып ат салысып жатыр. Ортақ үйіміздің тазалығына бәріміз жауаптымыз, дейді ол.

Ұлжан Оңалбаева, аудан тұрғыны:

- Ауданымызды таза ұстауға, жақсылап көркейтуге біз ары қарай атсалысамыз. Жастарымыз да атсалысады деп ойлаймыз. Сондықтан ауданымыздың тазалығына көңіл бөлуіміз қажет. Ол өзіміз үшін керек қой. Өйткені бұл өзіміз тұратын отанымыз, жеріміз деп есептеймін.

Өңірде «Жасыл ел» еңбек жасағының жиырмасыншы маусымы басталды. Мыңнан астам жас ауыл-аймақты абаттандырып, күл-қоқыстан тазартуға үлес қосады. Оның ішінде Бородулиха ауданының жастары да бар. 

Қуаныш Сарсынғазынов, "Жасыл ел" еңбек жасағының мүшесі:

- Біз бүгін үлкен сенбілікке шығып отырмыз. Заборларды краскілеп, жолдағы арам шөптерді жұлып жатырмыз. «Таза Қазақстан» акциясы бқл өте жақсы акция. Өйткені біз өз елімізді сақтау керекпіз. Экологиясмызға зиян келтірмей,қоқыстан тазартуымыз керек. «Таза Қазақстан» акциясын мен өзім жалпы қолдаймын.

«Таза Қазақстан» акциясы басталғалы Бородулиха ауданының 9 мың тұрғыны тазалық шарасына қатысып, 14 мың текше метр қоқыс шығарылды. 

Мағжан Табылдин, аудан әкімінің орынбасары:

- Көшеттерді отырғызу ағаш отырғызу, көл жағасын тазарту және ақтау сияқты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өзімізді қоршаған ортамызыды тазарту, оны әр тұрғынға жеткізе білу керек. Бұл туған жеріне, еліне деген патриоттық сезім деп түсінемін.

«Таза ауыл» акциясына Бородулиха ауданындағы 18 ауылдық округ қатысты. Тазалық акциясы Абай облысында әлі де жалғасады. 

Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов