Ақтөбеде ауаның ластануы тыйылмай тұр
Экологтар жыл басынан бері ластаушы заттардың 3 рет қалыпты мөлшерден жоғары болғанын анықтаған.
Қолқаны қабатын жағымсыз иісті жоюда кешенді шаралар қолға алынуы керек.
Айна Абылқасымова 8 жыл бойы қаланың экологиялық жағдайын зерттеп келеді. Қазір ауаға тарайтын күкіртсүтегін анықтау және оны жою үшін тиісті мекемелерге ұсыныстар дайындап жатыр.
Айна Абылқасымова, қоғам белсендісі:
- Ауаның күкіртсутегімен ластануы соңғы рет өткен айда байқалды. Тіпті мен тұратын Батыс шағын ауданында анық сезілді. Түнде терезені ашық қалдыру мүмкін болмай кетті.
Ақтөбеде жағымсыз иістің жиі болатынын қала тұрғындары да жоққа шығармайды. Әсіресе кәсіпорындар, қоқыс полигоны мен кәріз жүйелерін тазартатын нысандарға жақын тұрғын алаптарына қиын боп тұр.
БЛИЦ:
- Осы 1-2 күнде болды осы. Мен өзім аллергетик болған соң, қатты сезем да. Жаз басталғанда май, июнде. Мына 25 градустан асады ғой, сондай ыссы да байқалады.
- Иә, заводтардың иісі ғой. Енді не істейсің? Куда деваться? Далада жүргенде енді қашып кететін жер жоқ қой. Шыдайсың ғой енді.
Зауыттар тастайтын қалдыққа қарағанда кәріз желілері мен құдықтардан ауаға тарайтын зиянды заттардың мөлшері көп. Экологтардың пікірі осыған саяды. Себебі жиналатын лай бактериялармен араласып, күкіртсутегін түзейді. Проблеманы жою үшін кәріз сорғылау ғимаратын жаңарту қажет. 40 жыл бұрын салынған нысандағы құрылғылардың 80 проценті тозған.
Серік Нәби, коммуналдық кәсіпорын бас директорының бірінші орынбасары:
- Қазіргі таңда мердігер компания мен жобалаушы компанияны жасақтау бойынша конкурстық процедуралар жүріп жатыр. Ағымдағы жылдың тамыз айында бұл жұмыстар аяқталып, мердігер компания аяқталу керек. Содан кейін жобаны жасақтап, мемлекеттік сараптамадан өтіп,құрылыс-монтаж жұмыстарына көшетін болады. Кәріз сору станциялары бар ғой қала бойынша. Соларда да жоспарлы жұмыс жүріп жатыр қазіргі таңда.
Қазір облыс орталығында 6 станция ауа сынамасын зерттейді. Екі күн бұрын ауа қабатындағы ластаушы заттардың қалыпты мөлшерден 10 есе жоғары болғаны анықталдя. Биыл осындай 3 жағдай тіркеліп отыр. Енді тиісті шараларды қолға алу үшін «Қазгидромет» мекемесі мен экологиялық бақылау департаменті бірлесіп жұмыс істемек.
Нұрбиға Айтжанова, экология департаментінің бөлім басшысы:
- Болған кезде ластану жағдайы "Қазгидромет" біздерге дереу ақпарат жібереді. Сол ақпаратты біздер екі сағаттың ішінде камералдық обработка жасаймыз. Содан кейін қандай жерден, кім кінәлі деген сияқты анықтау жұмыстары жүргізіледі. керек болса, мекемелердің санитарлық қорғау аумағына лаборатория мамандары барып, өлшеу жұмыстарын да жүргіземіз.
Мамандар ауаның ластануы 6 жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда әлдеқайда жақсарғанын айтып отыр. Дегенмен, жағымсыз иістің қайнар көзі толық жойылған жоқ. Оның әрі қарай таралуын болдырмас үшін бұдан былай кәріз суларына арнайы препараттар қосылмақ.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев