«Таза Қазақстан»: Астана – Қарағанды тасжолының бойынан 13 тонна қоқыс жиналды
«Amanat» партиясы жанындағы жастар қанатының бастамасымен Road-эстафета жалғасып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Жоба «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясымен үндеседі. Табиғат жанашырлары күре жолдардың бойы мен мемориалдық ескерткіштер маңайын қоқыстан тазартып жүр.
Road-эстафетаның екінші күнінде елордалық және қарағандылық белсенділер алдымен Спасск мемориалдық кешенінің аумағын қоқыстан тазартты. Сонымен қатар бұзақылар қиратқан нысандарды ретке келтірді. Кейін Балқашқа қарай бет алды.
Құралай Балмолдина, волонтёр:
- Осы Қарағанды волонтерлері болып осы акцияға өзіміздің барлық күш-жігерімізді қосып, көмектесіп жатырмыз. Себебі тазалық өзімізден ғана емес, барлық жастардың қолында деп ойлаймын.
Ақерке Ескендірова, «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы:
- Бірнеше ескерткіш бар екен біздің жолымызда. Сондықтан осы жаққа да келіп, біз тазалау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жалпы қоғамға вандализммен бірге күресейік деген үндеуді тастап жатырмыз. Өйткені барлығы біздің тарихымыз және біздің жеріміз.
Астана – Қарағанды тасжолының бойынан бір күннің ішінде 13 тоннадан астам қоқыс жиналған. Жастардың қоршаған ортаға деген жанашырлығы көпшілікті тәнті етіп жатыр. Белсенділер қатарына Мәжіліс депутаты да қосылып, акцияға үн қосты.
Жарқынбек Амантайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- 1200-ден астам шақырым қашықтықты тазалап шығу бір бөлек. Оның қоғамға берер, кейінгі буынға берер тәрбиелік мәні де өте зор. Өйткені мынау ұлан-ғайыр даламыздың тазалығы қай деңгейде екенін 2 мыңнан астам жас өз көзімен көрді.
Жастар қоқыс жинап қана қоймай, оны бөлек қаптарға сұрыптап жатыр. Қатты тұрмыстық қалдықтар Қазақстанның қайталама шикізат өңдеушілер қауымдастығының қолдауымен қайта өңдеуге жіберіледі.
Авторы: Еркебұлан Смадияров