Оралдық жастар қала тазалығына үлес қосты
Оралда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Біз таза ел үшін» шарасы өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Орталық базар жанына жиналған жастар тұрмыстық қалдықтарды жинаудан жарысты. Басты мақсат – халықтың экологиялық белсенділігін ояту және кеңінен насихаттау. «Алда осындай 20-ға жуық шара өткіземіз», – дейді ұйымдастырушылар.
Жалпы сәуір айынан бері өңірдегі санитарлық тазалық айлығына 13 мың адам қатысты. 44 мың түрлі ағаш егіліп, 525 тарихи-мәдени ескерткіш аумағы тазаланды.
Архат Ислямғали, «Жастар Рухы» жастар қанаты ОФ төрағасы:
- «Бұл – менің қалам» деген ұранмен ғой бәрі. Мен шаштым, мен жинауым керек, не сен шаштың, сен жинау керексің деген ұғым жоқ. Біз жалпы белсенді жастар, қала тұрғындары кезекпен әр ауданға, кезекпен әр көшеге баруға тырысып жатырмыз. Акцияны кеңінен насихаттау, халық арасында осы акцияға зейін қою, тек белгілі бір өкілдер емес, жалпы халық, қала тұрғындарын осыған тарту мақсатымыз болып саналады.