Ақмола облысында орман алқаптары тексеріліп жатыр
Ақмола облысы да орманға қарауылды көбейтті.
Қазір алқаптағы демалыс нысандары тексеріліп жатыр.
Жыл басынан бері жұмысына салғырт қараған 9 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұдан бөлек, өрт қауіпсіздігін бұзған 40-қа жуық адам айыппұл төледі.
Биылғы жаз өте ыстық болады. Тиісінше құрғақшылық пен өрт қаупі жоғарылайды. Жергілікті синоптиктер осылай деп дабыл қағуда. Осыған байланысты төтенше жағдайлар қызметі ормандағы қауіпсіздікті бақылауға алған. Әсіресе, орман ішінде орналасқан нысандар жіті тексеріліп жатыр. Өңірде осындай 20-дан астам демалыс орны бар.
Вячеслав Пель, кәспікер:
- Біздің демалыс орнында өртке қарсы барлық құрал-жабдық бар. Демалушылармен түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Орманда от жағуға қатаң тыйым салынған. Тамақ дайындайтын арнайы орындар қарастырылған.
Жалпы жыл басынан бері өңірде өрт тіркелген жоқ. Бірақ тоқмейілсуге болмайды, дейді мамандар. Себебі аптап ыстық келесі аптада басталуы мүмкін. Сондықтан орман алқаптарында орналасқан нысандардағы қауіпсіздікті күшейту маңызды.
Айбек Қадыров, ТЖД бас маманы:
- Қазір өңірде өрт қаупі жоғары аймақта 56 елді мекен, 17 сауықтыру лагері және 21 демалыс орны бар. Бұл нысандарда эвакуациялау жұмыстары жоспарланды.
Арман Тұрымбаев, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:
- Аймақтағы орман алқаптарында тілсіз жауды бірден анықтайтын 40 мұнара бар. Оның 15-і өрт қаупі жоғары аймаққа орнатылған. Сонымен бірге өңірдегі орман қорының басым бөлігі авиапатрульмен бақыланады. Қазір 3 авиабөлімі жұмыс істейді.
Бұдан бөлек өңірде 400 адамнан тұратын 104 мобильді топ құрылды. Олар жыл басынан бері бір мыңға жуық рейд жүргізген. Дегенмен, облыста әлі де болса, жақсы қорғалмаған орман алқаптары бар. Себебі, ол маңайда өрт сөндіру бекеті тұрмақ арнайы техника да жоқ. Жауаптылар бұл мәселені де қолға аламыз, - деп сендіріп отыр.
Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко, Виктор Полянный