«Астана – Алматы» тасжолынан 10 тоннадан астам қоқыс жиналды
«Астана – Алматы» тасжолының 224 шақырымы қоқыстан тазартылды, деп хабарлайды 24KZ.
Белсенді жастар жол жиегінен 10 тоннадан астам қоқыс жинады. Бұл туралы «AMANAT» партиясы мәлімдеді. Қазір еріктілер тобы Алматы облысына жетті. Осылайша, бас-аяғы 1 мың шақырымнан астам жол тазартылды.
Айта кетейк, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқан аясындағы экологиялық эстафета Қонаев қаласында түйінделеді деп жоспарланып отыр.
Қуат Байғожаев, «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы:
- Біз эстафетаны Жамбыл облысынан қабылдап алдық. Қазірдің өзінде екі облыстың шекарасында, яғни Қаншеңгел ауылының маңында Жамбыл ауданының 250 тұрғыны акцияға қосылды. Әрі қарай біз тазалық жұмысын Іле ауданының Ақши ауылында жалғастырдық. Онда белсенділер мен волонтерлерден бөлек, жергілікті тұрғындар да тазалық жұмысын жүргізіп жатыр.