Қарағанды облысында жастар арасында экологиялық квест өтті
Қарағанды облысының Ботақара кентінде «Жастар Таза Қазақстан үшін!» экологиялық квесті өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Шараның мақсаты – жастарды қоршаған ортаны қорғауға жұмылдыру, еріктілер жұмысын дамыту.
Бүгін кенттегі орталық саябақты тазалауға іргедегі Доскей және Петровка елді мекендерінің жастары да келді. Квестке қатысушылар 5 топқа бөлініп, зияткерлік ойындарда бақ сынап, қоқыс тазалаудан жарысты. Сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды дұрыс сұрыптауды үйренді. Жеңімпаздар сыйлықтармен марапатталды.
Жалпы «Таза Қазақстан» акциясы аясында өңірге қарасты барлық қалалар мен аудандарда тек сенбіліктер өткізіп қана қоймай, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да мән беріліп жатыр.
Нұрдауыл Рымбеков, Доскей ауылының тұрғыны:
- Жастардың табиғат тазалығына деген құштарлығын ояту үшін осы шараны ұйымдастырып жатқанына рақмет айтамыз. Біздің туған жеріміз – өскен жеріміз, ата-бабамыздан қалған жер. Сондықтан біз тазаламасақ, кім тазалайды бұл жерді. Осы жарысқа келіп, біз орын аламыз деген ойдамыз және табиғатқа жанашыр ретінде үлесімізді қостық.