«Таза Қазақстан» акциясы жер-жерде өзіндік ерекшелігімен ұйымдастырылды
Жүздеген мың аула мен 20 мыңнан астам әлеуметтік нысанның аумағы тазартылып, 900 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.
2,5 млн көшет отырғызылды. Бұл игі істер Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолға алынған "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында жүзеге асырылды. Бұл шараға 2 жарым миллионға жуық адам қатысты. Олар өзен-көлдердің айналасындағы 5,8 миллион шаршы метрден астам аумақты қоқыстан тазартты.
"Таза Қазақстан" экологиялық акциясы
Туған жерді түлетіп, оны көркейтуге үлес қосу - әркімнің парызы. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айының басында су тасқынына ұшырамаған өңірлерде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын бастауды тапсырды. Сенбілікке шығып, жұмыс істеген сыңай танытып, көзбояушылық жасамай, көршілес елдер секілді Қазақстанды көгалдандыру жұмыстарын үнемі жүргізу керектігін міндеттеді. Президент бұл акцияға өзі де ат слысып, елорда жастарымен тал екті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бір реттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл жалпыұлттық мәселе.
- Қазақстанымыз таза болуы қажет. Лас елге қонақ ретінде, инвестор ретінде ешкім келмейді. Бірақ ең алдымен, Қазақстанның таза, көрікті болғаны біз үшін, яғни халық үшін керек.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы
2,4 млн адам қатысты
40 мың техника тартылды
900 мың тонна қоқыс шығарылды
2,5 млн көшет отырғызылды
5,8 млн м² аумақ тазартылды
Президент жариялаған экологиялық акцияға 2 жарым миллионға жуық адам қатысты. Олар 2 жарым млн көшет отырғызып, өзен-көлдердің айналасындағы 5,8 миллион шаршы метр аумақты тазалады. Тағы табиғат жанашырлары 900 мың тоннадан астам қоқыс шығарған. Жүздеген мың аула мен 20 мыңнан астам әлеуметтік нысанның аумағы тазартылып, 5 мыңға жуық қоғамдық орын абаттандырылды.
Орал
Диляра Жеңісқызы, студент:
- Барлықтарыңызды осы бір акцияға қатысуға шақырамыз. Себебі қоқыс біздікі болмағанмен Орал қаласы біздікі. Сондықтан өзім осы қала тұрғыны ретінде қала таза болуы үшін осындай қоқыстардың жиналуы үшін жалпы «Таза Қазақстан» акциясына қатыса берем.
Қарағанды облысы
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жер-жерде өзіндік ерекшеліктерімен ұйымдастырылды. Жастарды еңбекке баулып, қоршаған ортаны таза ұстауға үгіттеу мақсатында түрлі жарыстарда өткізілді. Мәселен, Қарағанды облысының Ботақара кентінде «Жастар Таза Қазақстан үшін!» экологиялық квесті өтті.
Нұрдауыл Рымбеков, Доскей ауылының тұрғыны:
- Жастардың табиғат тазалығына деген құштарлығын ояту үшін осы шараны ұйымдастырып жатқанына рахмет айтамыз.
Біздің туған жеріміз, өскен жеріміз , ата-бабамыздан қалған жер. Сондықтан біз тазаламасақ кім тазалайды бұл жерді.
Осы жарысқа келіп біз орын аламыз деген ойдамыз және табиғатқа жанашыр ретінде үлесімізді қостық.
Президент жариялаған экологиялық акцияны қолдау мақсатында апта сайын «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ» және «Мөлдір бұлақ» атты шаралар ұйымдастырылып, елді мекендердің аумақтарын көгалдандыру, санитариялық тазалау және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл бастамаға су тасқыны болған өңірлер де белсенді қосылды.
Сәлімхан Сәбитов, "Amanat" партиясының мүшесі:
- «Таза Қазақстан» республикалық акциясы бір күндік акция емес деп, өзіміздің Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқан болатын. Сондықтан біз «Аманат» партиясының мүшелері осындай акцияны әрқашанда қолдап, жастарды тартып, әрқашанда еліміздің және өзіміздің өңіріміздің таза экологиясына байланысты акцияға қатысып, басқаларын да шақырамыз.
Айта кетейік, қазір Президент пәрменімен Үкімет Халық арасында экологиялық мәдениетті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеуге кірісті. Құжат 1 қыркүйекке дейін дайындалады. Бекітілгеннен кейін оны жүзеге асыру үшін әкімдіктер алдағы 5 жылға арналған тиісті өңірлік жоспарларын қабылдайды.
Риат Шони