БҚО-да қалдықты қайта өңдеу ісі кенжелеп тұр
Батыс Қазақстан облысында тұрмыстық қатты қалдықты өңдеу ісі кенже қалған. Қоқыстың тек 18% кәдеге асады, деп хабарлайды 24KZ.
Салдарынан елді мекендердің төңірегі қоқыстан тау болып, тұрмыстық полигондар толып тұр. Жеке кәсіпкерлердің қалдықтан жаңа өнім жасаудағы талпынысы мәселенің түйінін тарқата ма?
Тек былтыр Орал қаласының кәріз желісінде 240 рет іркіліс болған. «Себебі тұрғындар тұрмыстық қатты қалдықтарды құбырға тастайды», – дейді мамандар.
Әнуар Аркенов, коммуналдық кәсіпорын басшысы:
- Біздегі проблема – тұтынушылардың кәріз желісіне түрлі қалдықтарды тастауы. Балалардың памперсінен бастап, шүберектер, тамақ қалдықтарын төгеді. Әр тәулік сайын 15-20 тонна қалдықты кәріз жүйесінен шығарамыз. Әсіресе тамақ пісірген майды құйғаннан құбырлар бітеледі. Арнайы қондырғы болмағандықтан, оның бәрін қолмен тазалауға мәжбүрміз.
Кәріз желісіндегі әрбір төртінші апат күнделікті қолданған өсімдік майын құбырға құйғаннан болады екен. «Құбыр қабырғасына жабысқан май қабатын тазалау оңай емес», – дейді мамандар. Осыны естіген қала тұрғыны Рауан Оспанов былтырдан бері май қалдығын қабылдай бастапты. Қаладағы ресторан-кафелерден, тұрғындардан майдың литрін 100 теңгеден алады. Одан кәсіпкер кір сабын жасап шығарады.
Рауан Оспанов, кәсіпкер:
- YouTube каналынан көріп, станоктарды алып келдім Түркістаннан. Үлкен көлемде ала береміз. Тонна болса, тонна аламыз. Тойханалардан, кафелерден жинаймыз. Бізге бір партияда 150 келі. Жалпы салмағы 150 келіге арналған станок. Содан мың дана бір күнде шығара аламыз.
Кәсіпкер май қалдығын қадеге асыру жобасына 3 миллион теңге жұмсапты. Жергілікті сабынға сұраныс жоғары. Тамақтану орындары да бұл бастаманы құптайды.
Юлия Шкурина, кәсіпкер:
- Біз пайдаланылған майды бөшкеге құйып жинаймыз. Аптасына 70 литрдей май жиналады. Сосын оны тапсырамыз. Бұл жерде басты мәселе ақшасында да емес, сол қалдықтардың құбырға құйылмауында, қаланың коммуналдық желілеріне, қоршаған ортаға зиян келмеуінде деп ойлаймыз.
Дегенмен қалдықты қадеге жаратқан Рауан секілді кәсіпкер көп емес. Орал өңірінде барлық қалдықтың тек 18%-і қайта өңделеді. Осы олқылықтың орнын толтыруға енді мән беріле бастады.
Фариза Сұлташева, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:
- Мемлекет басшысының әрбір өңірде қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын, өңдейтін нысандарының құрылысын жүзеге асыру тапсырмасы бойынша «Жасыл даму» АҚ арқылы 3%-тік несие мен қолдаулар жарияланды. Біздің облыстан бүгінде 3 кәсіпорын оған қатысып, өтіп тұр. Жалпы осы салада қызметін жаңа бастаған кәсіпкерлерге 500 мың дейін гранттар бар. Мұндай гранттарды ауылдық жерде кәсіпкерлер алып, қоқыстарды сұрыптап-престеу аппараттарын сатып алып жатыр.
Бүгінде өңірде қалдықты сұрыптап-жинаумен 18 компания айналысса, оның тек екеуі ғана қайта өңдеуді қолға алған.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов.