Тбилисидегі қазақстандық студенттер «Таза Қазақстан» экоакциясын өткізді
Грузиядағы қазақстандық студенттер «Таза Қазақстан» акциясын қолдайды, деп хабарлайды 24kz.
Сенбілікте гүржі жастары да белсенділік танытты. Тазалық акциясы қазақ диаспорасының басқосу алаңына айналған Абай Құнанбаев ескерткіші маңында өтті.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Бұл – Тбилисидегі Абай Құнанбаев ескерткіші алаңы. Мұнда жиналған жұрт Қазақстанның экологиялық акциясын қолдауға келген. Бұл жер Грузияда оқитын қазақстандық студенттердің ғана емес, тұтас қала тұрғындарының сүйікті мекеніне айналған. Ұйымдастырушылардың дәл осы алаңды таңдауы сондықтан. Ал ұлы ақынды танып-білмейтін жан кемде-кем. Өйткені мұндағы жоғары оқу орындарында хакім Абай жайында арнайы дәріс оқытылады.
Гия Геладзе, студент:
- Абай Құнанбайұлы – ақын-философ. Біздің Сухум университетінде Абай ақынға арналған кабинет бар, онда біз тұлғаның еңбектерін оқып, үйренеміз. Мен Абайды гүржі ақыны Илья Чавчавадзеге ұқсатамын. Өйткені екі алып тұлғаның өз ұлтын насихаттау жолында қосқан үлесі орасан.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Бұл – Ақтаудың тумасы Анастасия Марсакова. Гүржі медициналық университетінің студенті, Грузияның 5 жылдан бері тұрғыны. Туып өскен жеріне деген сағынышын басу үшін сенбілікке арнайы келгенін айтады.
Анастасия Марсакова, студент:
- Сенбілікке келгеніме қуаныштымын. Өйткені осындай іс-шара Қазақстанда да жалғасып жатыр. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының ескерткіші маңында бас қосып, тазалық пен абаттандыруды қолдаймыз.
Жұлдыз Ошақбай, акцияға қатысушы:
- Мен Астана қаласынан боламын. Осы қалаға бүгін қонаққа келген едім. Және менің естуім бойынша осы Абай ескерткішінің жанында тазалау жұмысы жүріп жатыр. Соған келдім. Өте қуаныштымын. Осы Грузия елінде Қазақстан жайлы жақсы естеліктер болсын деген мақсатпен келдім.
Экологиялық акция Грузиядағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Сенбіліктен соң студенттерге қазақтың тәттісі, ыстық бауырсағы мен шайы ұсынылды. Әңгімесі жарасқан жастар өзара пікір алмасып, болашаққа жоспарларымен бөлісті.
Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Юлия Тужилкина