Министр Маралдыда алтын өндіру фабрикасын салуға қатысты пікірін білдірді
Қазақстанда тұрмыстық қалдықтарды жинаудан бастап оларды сұрыптау және қайта өңдеу жүйесі іске қосылады.
Бұл бойынша салалық министрлікке барлық өңірдегі әкімдіктерден 238 жоба түскен. Оның 10-ы мемлекеттік сараптамадан өтіп те қойды. Жалпы басталғалы жатқан кешенді жобаға қажетті құрал-жабдықтарды алу үшін 200 миллиард теңге бөлінді. Бұл туралы Шығыс Қазақстанға іссапармен келген Экология Министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді. Алтай қаласындағы жұртшылықпен кездескен министр бұл шаһардың жаңа бастаманы жүзеге асыруға өте ыңғайлы екенін байқапты. Сондықтан бірегей өндіріс орындарының бірі енді Алтайда салынады. Қазір құжат рәсімдеу жұмыстары басталып та кетті.
Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
- Осы Алтай қаласының Шығыс Қазақстан облысы бойынша пилот ретінде толығымен жинап алып кетіп, сұрыптап өңдеу мәселелеріне проект жасап есептеп, соны Жасыл дамуға енгізуге келістік. Мен ойлаймын бұл өзі шағын кішкентай компактный қала. Бұл жерде осындай проектіні іске асыру өте ыңғайлы.
Еліміздің бас экологы Күршім ауданы Маралды ауылында алтын өндіру фабрикасын салуға байланысты да өз пікірін білдірді. Айтуынша, бұл нысанда болашақта шаң-тозаң мен газдан қорғайтын қондырғы қойылып, тазартудың мембраналық жүйесі жұмыс істейді. Сондықтан жобада экологиялық заңнамаға қайшы дүние жоқ, деді министр.