Алакөлдің түбі қоқыстан тазартылды
«Таза Қазақстан» акциясына еліміздің суда құтқару қызметі де өз үлестерін қосып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Жетісу облысының Алакөл ауданында орналасқан құтқару отряды көл түбінен жарты тоннаға жуық қоқыс шығарды. Алакөл жағалауындағы тазалық акциясына қоғам өкілдері мен «Жасыл ел» жасақтары да қатысты. Аталған экологиялық іс-шара басталғалы бері оған 20 мыңнан астам адам атсалысқан.
Туристік маусымның ашылуына орай Алакөл жағалауындағы суда құтқару отряды қызу дайындық жүргізеді. Олар осылайша табиғи су айдынының жағалауын тазартуға қызу атсалысып жатыр. Жазғы маусым кезінде құтқарушылар күшейтілген режимде жұмыс істейді. Жағажайға келушілер көлге целлофанмен қоса адамның аяғы мен денесін кесіп түсетін өткір заттарды да тастайды. Арасында балық ұстауға арналған аулар да кездеседі. Ол шомылушылар үшін өте қауіпті.
Еламан Ахметқалиев, құтқарушы:
- Көп адам түсетін жерлерді біз сүңгіп, тазалап отырамыз ғой. Тереңдік 2-3 метр жерде жаңағы қоқыстың бәрі жатады. Темір-терсек, ау, бөтелке, «очкиі» бар, неше түрлі табасың ғой. «Сотка» да табасың. 100 метрлік ау, 200 метрлік аулар, негізінде 2-3 ау табылады. Ол – жазда адамдарға өте қауіпті нәрсе.
Марат Смағұлов, Алакөл аудандық суда құтқару қызметінің басшысы:
- Жылдан-жылға көбейіп барады. Неге десеңіз, мына жағалауға келген демалушылар өздерімен бірге сол қоқыстарын апаратын жеріне апармай, тастап кетеді. Сондай жағдайлар көп кезігіп жатады. Соның салдарынан, мысалы, балалар зардап шегіп жатады, аяқтарын кесіп алып. Соған байланысты осы демалушыларға, алакөлдіктерге айтатыным, осы жағалауды таза ұстауларын сұраймын.
Жағажайды қоқыстан тазартуға жергілікті кәсіпкерлер де мүдделі. Өйткені олар үшін туристердің Алакөлге көптеп келуі өте маңызды.
Жандос Қауспеков, кәсіпкер:
- Басқа мемлекеттерден келіп жатқан адамдарға енді өзіміздің тазалығымызды көрсетіп осылай, жағдайымызды жасап, көрсетіп жатырмыз енді. Президентіміздің айтқан жобасын қолдап, қолымыздан келгенше жасап жатырмыз. Міне, көріп тұрсыздар, тапчан, «лежак» қойып жатырмыз.
Алмас Жұмабеков, Алакөл аудандық ТКШ бөлімінің басшысы:
- Бізде жоспарлы түрде 6 сенбілік ұйымдастырылды. Барлық санитарлық жұмыстардың нәтижесінде бізде аудан тарапынан 21 мыңнан аса аудан тұрғындары сенбілікке тартылды. 900-ден астам тонна қатты тұрмыстық қалдықтар тиісті орындарға шығарылды. 200-ден аса арнайы техника жұмылдырылды.
Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жардың құлап кетпеуін қадағалау мақсатында арнайы техникалар жағалауды тегістеуге кірісті. Биыл Алакөлдің Жетісу облысына қарасты бөлігіне 2 миллионнан астам турист келеді деген болжам бар.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Гүлнар Жантасова, Олжас Байбосынов.