Жетісу облысында саябақтар мен гүлзарлар тазартылды

Жетісу облысы Ақсу ауданының жастары «Таза бейсенбі» акциясын өткізіп, «Сегіз батыр» аллеясын қоқыстан арылтты. 

Тазалық шарасына 300-ге жуық адам қатысты. Одан бөлек Жансүгіров ауылындағы елуге жуық қоғамдық жұмысшы күнделікті тазалық жұмыстарымен айналысады. Өңірде жыл басынан бері 20 мыңнан астам тал-терек егілді. Жалпы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына жастар жағы белсенді қатысып жатыр. Жасыл ел жасақтары өзен-көлдердің жағалауы мен саябақтарды және ардагерлер тұратын үйлердің ауласын абаттандыруда. Бүгін тазартылған «Сегіз батыр» аллеясы тұрғындардың сүйікті демалыс орыны. 

Ілияс Мұсабаланов, ауылдық округ әкімі: 

- Аудан орталығындағы адам ең көп жиналатын, шоғырланатын жер осы жер. Биылғы жылы осы жерге 240 ағаш көшетін отырғызғанбыз. Суды уақытымен беріп жатырмыз. Суға, жаңбырға байланысты арамшөптер, қурайлар өсіп, бүгін енді соны қолға алып, тазалап жатырмыз. Бізде әр бейсенбі «Таза бейсенбі» күні болып бекітілген. 

Дастан Советбеков, ауыл тұрғыны:

- Көбіне шығып жатқан жастарымыз. Өйткені біздің жастар бұл «Таза Қазақстан» акциясының қаншалықты маңызды екендігін, оның маңыздылығын, оның міндетін жалпы түсінеді. Сондықтан да әрбір жас өзінің туған мекенінің, өзінің туған өлкесінің тазалығын сақтау, экологиясын жақсарту өзінің міндеті деп санайды.