Ластанған аумақтардың картасы әзірленді

Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы 11 мың 500 тонна қоқыс жиналды.

Жалпы аймақта 700-ден аса сенбілік ұйымдастырылған. Жалпыұлттық акцияға еліміздің әр аймағында мемлекеттік мекеме қызметкерлерімен қатар тұрғындар, белсенді жастар мен депутаттар да қатысуда.

Таза Қазақстан акциясына мәслихат депутаттары да үлесін қосуда. Бүгін олар Аманат партиясы өкілдерімен бірігіп Тараздағы каналдардың бірін тазалады. Су арнасынан 5 тоннадан аса қоқыс шығарды. Жалпы Аманат партиясының бастамасымен өңірдің ластанған аумақтарының картасы әзірленген. Сол жоспар бойынша апта сайын қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізіледі. 

Дауыл Бейсенқұлов, "Аманат" партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы:

- Партиядан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын, партия белсенділерін жастар өкілдерін осы акцияға жұмылдырып, әр бейсенбі сайын 2 сағат көлемінде алдын ала мониторинг жасап қала іргесіндегі қала ішіндегі қоқыстарды ластанған жерлерді анықтап сол жерде осындай сенбіліктер ұйымдастырылады.

Жастар өзен жағалауын тазалады

Ақтөбелік жүзден астам еріктілер мен «Жасыл ел» жасағының белсенділері Қарғалы өзенінің жағалауларын жинады. Көпшілік салқын суы бар, самалы есетін көгалдарда жаздың аптап ыстығынан жан сауғалағанды сүйеді. Алайда отырған орнын жиып, тұрмыстық қалдықтарды тиісті орындарға тастайтыны некен-саяқ, дейді жастар. Сондықтан белсенділер қоғамда экология мәдениетін қалыптастыруға ниетті. 

Артур Қазиев, "Жасыл ел" жасақтары төрағасының орынбасары:

- Осы акция бізде жиі өткізіліп жатыр ғой. Бірақ енді осы қала тұрғындарын, қала қонақтарын осы бір демалыс орындарын демалысқа келгеннен кейін судың жағасын таза ұстауға шақырамыз. Өзіміздің жерімізді өзіміз таза ұстамасақ басқа ешкімге керек емес деген ойдамыз.

"Таза бейсенбі" экологиялық акциясы өтті

Павлодар 

Павлодарда «Таза бейсенбі» экологиялық акциясына жетпіске тарта адам қатысты. Олар Усолка шағын ауданындағы Ертіс өзені жағалауын тазалады. Жалпы аймақта экологиялық акция басталғалы 72 мың тонна қоқыс шығарылып, 29 мың көшет отырғызылған. Бұл іске 200 мыңдай тұрғын қатысқан.

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә