Маңғыстауда тас-құм карьерлерінің айналасына бейнекамера орнатылады
Маңғыстау облысының билігі тас-құм карьерлерінің айналасына бейнекамера орнатпақшы.
Мамандар осылайша экологиялық заң талабын бұзу дерегін анықтап, кінәлі тарапқа әкімшілік шара қолданады. Бұл туралы өңірге жұмыс сапарымен барған экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, бұған дейін 4 карьердің қызметі тоқтатылып, 9 жер қойнауын пайдаланушыға айыппұл салынды. Сондай-ақ 5 серіктестіктің лицензиясы қайтарылып алынды. Маңғыстаудың Шетпе ауылы маңында 29 тас-құм карьері бар. Қазір 8-і жұмыс істеп тұр. Тас жару, құрылыс материалын тасымалдау кезінде ауаға шаң көтеріледі. Тұрғындардың өзекті мәселені көтеріп жүргеніне жиырма жылға жуықтады.
Мансұр Ошурбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:
- Біздің экология департаментіміз осы жерде біраз тексерістерді өткізген. 30 млн теңге айыппұл салынған. Бірақ бүгін халықпен кездесу кезінде олардан ұсыныс алып, сол бойынша біздің жұмыс істегеніміз жөн деп санаймын. Сонымен бірге суға қатысты сұрақ көтерілді. Карьерлердің басшылары артезиан суын алып, технологиялық процеске жіберіп жатыр. Енді соның заңдылығы біз қараймыз да мәліметті береміз.