«Таза Қазақстан» экоакциясы Түркістан облысында жалғасып жатыр

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Түркістан облысында жалғасып жатыр.

Шара аясында бүгін облыс орталығында сенбілік өтті. Оған негізінен шаһар тұрғындары тартылды. Сондай-ақ мемлекеттік мекеме қызметкерлері, еңбек ұжымдары мен жастар да бір кісідей атсалысты. Түркістан қаласы 6 секторға, 28 аймаққа бөлінген. Тазалық жұмыстарына мыңға жуық адам, 70-ке жуық жүк көлігі және 50-ден астам шөп оратын техника тартылды. Экобелсенділер Бекзат шағын ауданы мен Қызылорда бағытындағы тас жол және Жарылқап көшесінің бойы мен шаһардың шеткі аудандарында тазалық жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар табиғат жанашырлары тұрғын үйлердің ауласы мен жол жиектерін арамшөптен тазартып, күл-қоқысты жинастырды. Ақсақалдар жастарға алғыстарын айтып, тұрғындарды акцияға қатысуға шақырды.

Ділмұрат Әбдімәжитов, зейнеткер:

- Түркістан халқын тазалыққа шақырамын. Әр адам өз ауласын тазалап, сыпырып, көшет егіп, гүл егіп, қойса, қандай әдемі болады. Түркістан қаламыз Рухани астана. Көпшілік адам келіп жатыр, зияратқа келеді. Көруге келіп жатыр, сол үшін таза болғаны жақсы ғой.

Мейрамбек Момбеков, қалалық инфрақұрылым және коммуникация бөлімі басшысының орынбасары:

- Қала әкімдігінің бөлімдеріне бөлек, көше тұрғындарында ұйымдастырып отырмыз. Түркістан қаласы 6 секторға бөлінген. Сектор басшылары жаппай көше тұрғындарын ұымдастырып жатыр. Басқа да аумақтарда дәл осындай жұмыстар жүріп жатыр.