Түркістанда 30 тоннаға жуық қоқыс арнайы полигонға шығарылды
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Түркістан облысында қарқынды жүруде, деп хабарлайды 24kz.
Шара аясында бүгін облыс орталығында сенбілік өтті. Оған негізінен шаһар тұрғындары тартылды. Сондай-ақ мемлекеттік мекеме қызметкерлері, еңбек ұжымдары мен жастар да бір кісідей атсалысты.
Түркістан қаласы 6 секторға, 28 аймаққа бөлінген. Тазалық жұмыстарына мыңға жуық адам, 70-ке жуық жүк көлігі мен 50-ден астам шөп оратын арнайы техника тартылды. Сенбілікке «Бекзат» мөлтек ауданының тұрғындары ұйымшылдықпен да бір кісідей атсалысты. Олар аулалар мен балалар ойын алаңдарын ретке келтірді.
Балнұр Бекболат, қала тұрғыны:
- Көршілер болып, «Бекзат» секторы болып, осы жерлерді тазалап, ұйымшылдықпен ұйымдастырып отырмыз. Ауланың тазалығы балаларымызға да жақсы. Ойын алаңдарын таза ұстағанымыз өзімізге жақсы. Тұрғындарға айтарым, көшелерін, аулаларын таза ұстаса деген ойдамын.
Экобелсенділер «Бекзат» шағынауданынан бөлек, Қызылорда бағытындағы тас жол мен Жарылқап көшесінің бойын және шаһардың шеткі аудандарында тазалық жұмыстарын жүргізді. Тұрғын үйлердің ауласы мен жол жиектерін арамшөптерден тазартып, күл-қоқыстарды жинастырды.
Мұхтар Төлепов, қалалық бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы:
- «Таза Қазақстан» табылдырықтан басталады» деп, осы қаладағы барлық қала тұрғындарын, кәсіпкерлерді өздерін тұратын үйі мен кәсіптік нысандарының айналасын тазалауға шақырдық бүгін. Барлығы бүгінгі акцияға үлес қосып жатыр.
Тазалық шарасына қарияларда қатысып, акцияға қолдау білдірді. Түрленген Түркістанды одан әрі гүлдендіру жолында аянбай еңбек етіп жатқан азаматтарға алғыстарын білдірді.
Ділмұрат Әбдімәжитов, зейнеткер:
- Түркістан қаласы халқын тазалыққа шақырамын. әр адам өз ауласын тазалап, сыпырып, көшет егіп, гүл егіп, қойса, қандай әдемі болады. Түркістан – рухани астана. Көпшілік адамдар келіп жатыр, зияратқа келеді. Көруге келіп жатыр, сол үшін таза болғаны жақсы ғой.
Шара аясында табиғат жанашырлары шаһардағы 20 аула мен 28 көшенің бойында тазалық жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 30 тоннаға жуық қоқыс арнайы полигонға шығарылды.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш