Алдағы күндері аптап болады

Алдағы күндері елдің кей өңірлерінде, аптап ыстық болады. Қазгидромет мамандарының болжамынша, солтүстікте ауа температурасы 38, ал оңтүстікте 46 градусқа дейін жетеді.

Дәрігерлер мұндай қолайсыз күн райында, денсаулыққа сақ болуды ескертіп отыр. Ол үшін не істеу керек?

Аптап ыстық алдымен таңнан кешке дейін сыртта еңбек ететін жұмысшыларға ауыр тигелі тұр. Соның ішінде гүлзарлардың күтіміне жауаптылар өсімдіктерді жиі суғаруға көшеді.

Қарлығаш Улща, кәсіпорын жұмысшысы:

- Сол әсері бар енді. Жүректі ауыртады. Қаны аз кісіге де, қаны көп кісіге де оңай емес, жығылып қалуы мүмкін. Оранып аламыз да жүреміз ғой.

Қазірдің өзінде елордада күн ыси бастады. Шаруасымен әрі-бері ағылған жұрт күннен қорғанудың түрлі амалып жасап бағуда.

Көшеде әбден ыстықтаған тұрғындар осылай субұрқаққа келіп, беті-қолын жуып жатыр. Сондай-ақ мамандар мұндай күндері ақ түсті киім киюге кеңес береді. Күннен қорғайтын көзілдірік тағуды да ұмытпаған абзал.

Тәтті сусын мен балмұздақ сататын дүңгершектерде сауда одан сайын қыза түсті. Өйткені ыстық күндері адамдар көбірек су ішуге тырысады. Мамандардың да кеңесі осындай.

Аяжан Камирова, сатушы:

- Иә, осылай өтіп бара жатқандар ала береді күндіз. Маусым біткенше жұмыс істеймін, ұнайды. Сусын ішемін, балмұздақ жеймін. Ыстықты басады, әрине. СПФ крем жағамын. Сосын кепка киіп жүремін. Барынша ашық түсті киім киемін.

Жақын күндері елдің оңтүстік, солтүстік және орталық аймақтарында күн күрт ысиды. Синоптиктер Ираннан жылы ауа массалары ене бастайтынын хабарлады.

Алтынзер Есбосынова, "Қазгидромет" РМК инженер-синоптигі:

- 27 маусымда республиканың солтүстігінде аптап ыстық болжанады. Қазақстанның солтүстігінде күндізгі температура 35-38 градусқа дейін, оңтүстігінде өте қатты ыстық 40-46 градусқа дейін көтеріледі деп күтілуде. Сонымен қатар 26-27 маусымда Ақмола және Павлодар облыстарында қатты ыстық күтіледі.

Дәрігерлер күн астында көп жүру тері ауруларының таралуына себеп болуы мүмкін екенін ескертеді.

Әнет Бейбіт, хирург-дәрігер:

- Күн астында ұзақ уақыт жүру салдарынан әртүрлі тері аурулары пайда болады. Ең маңызды ереже - сағат 11.00-15.00 арасында күн ең белсенді болған уақытта спортпен айналыспау, ауыр физикалық жұмыс жасамау және өзен-көлдерге шомылуға болмайды. Жаңа дақтар, жаңа қалдар, қандай да бір бөртпелер пайда болған жағдайда міндетті түрде дәрігерге барып, қаралып, емделу қажет.

Сонымен қатар мұндай қолайсыз күн райында қан қысымы және жүрек-қан тамыры ауруы бар адамдарға сыртқа шығуға болмайды.

Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов, 24.KZ