Шымкенттің алты аумағында жаппай сенбілік ұйымдастырылды
«Таза Қазақстан» жалпыхалықтық науқаны аясында шымкенттіктер қаланың алты бірдей аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды 24kz.
Әдеттегідей ерікті жастар мен ардагерлер жағы экобелсенділер қатарын толықтырды. Коммуналдық сала жұмысшыларына қолғабыс етті.
Бұлақ көзінен бастау алатын Қошқар ата өзенінің бойы – көпшіліктің сүйікті орны. Аптап ыстық кезінде сая іздеген халық салқындауға жиі келеді. Бірақ адам аяғы үзілмегендіктен, тазалығына да сын тағылып жатады. Сондықтан экобелсенділер акцияны әр апта осы жерден бастайды.
Бейсенгүл Базарбаева, қала тұрғыны:
- Көпшілік жүргеннен кейін балалар бар ғой енді шашып кетеді. Бірақ бұл жердің қазір тазалығы керемет. Жақсы. Мысалы жан-жақтағы шарбақтардың бәрін бояп жатыр. Қоқысты алып жатыр. Тазаланғаны бізге жақсы.
«Тазалық – саулық негізі, мәдениет айнасы». Жалпы жұртты ұйыстырған экологиялық науқан тұрғын үй аулалары мен қоғамдық орындарда жалғасын тапты. Жастар жағы мен ардагерлер бірлесіп, күл-қоқыс шығарды. Орындықтарды сырлап, төңіректі сыпырды.
Пердеш Есенбеков, Қаратау аудандық ардегерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
- Шырайлы Шымқаланың шырайын келтіретін осы тазалық пен жасыл желек. Адамдар өзінің дем алатын орнын осындай таза ауа, тала өлке, таза жерде өткізгенге не жетсін?! Сондықтан біз бұл бастаманы қолдап-қуаттаймыз. Батамызды беріп, тілегімізді айтып, өзіміздің қол күшімізді де беріп жатқан жағдайымыз бар.
Санитарлық тазалық қалаға қарасты бес ауданның аумағында жүргізілді. Коммуналдық мекеме жұмысшылары мен «Жасыл ел» жасағы жұмылып, арнайы техниканың көмегін пайдаланды. Шөптер орылып, қураған ағаштар қырқылды. Ойын алаңдары мен арық-атыздар қоқыстан тазартылды.
Бауыржан Қалдыбаев, Қаратау аудандық коммуналдық бөлімінің басшысы:
- Биылғы жылы шөп өте қаулап өсті. Соған байланысты шөп ору жұмыстарын, тал қырқу жұмыстарын, әктеу және сыпыру жұмыстарымен айналысып жатқан мекемелермен бірлесіп, осындай акцияны жалғастырып жатырмыз. Акция аясында апта сайын осындай тазалық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Жалпы қала бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық науқанында 6 аумақта осындай жұмыстар жүрді. Он мыңдай еріктінің көмегімен арнайы полигонға жүздеген тонна қоқыс шығарылды.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы