Ел өңірлерінде «Таза бейсенбі» акциясы өтті
Бүгін «Amanat» партиясының бастамасымен өңірлерде «Таза бейсенбі» шарасы өтті, деп хабарлайды 24kz.
Табиғат жанашырлары бұл жолы өзен-көлдер мен су қоймаларының жағалауын күл-қоқыстан тазартты.
Экологиялық акция басталғалы Жамбыл облысында 330 мыңнан аса адам тазалық шарасына қатысып, 11500 тонна қоқыс шығарылды. Бұл жолы Қарасу каналының 20 шақырым жағалауы күл-қоқыстан тазартылды. Табиғат жанашырлары бейсенбі сайын шығып, қоршаған ортаны тазартып жатыр.
Ерғали Омаров, «Amanat» партиясының инспекторы:
- Әр апта сайын, әр бейсенбі сайын бұл акцияға партия белсенділері, «Amanat» партиясының өкілдері, соның ішіндегі мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымының өкілдері, жалпы жастар партия белсенділері түгел атсалысуда. Барлық Жамбыл облысының тұрғындарын соның ішінде қала тұрғындарын, қала тұрғыны ретінде «Таза Қазақстан» акциясына, Мемлекет басшысының бастаған акциясын қолдауға шақырамын.
Еріктілер Сырдарияның жағалауын тазалады
Ал, Қызылордада «Amanat» партиясының белсенділері мен «Жастар рухы» ұйымының еріктілері Сырдарияның жағалауын қоқыстан тазалады. Өзен ағысы қатты болғандықтан, жиналғандарға алдымен сақтық шарасы түсіндірілді. «Шомылушылар мен балықшылар жағаға шыны құтыдан бастап, пластик заттарды тастап кетеді. Сондықтан қоршаған ортаны ластағандарға жауапкершілікті әлі де күшейту қажет», - дейді олар.
Қадиша Қорғанова, «Белкөл» бастауыш партия ұйымының төрағасы:
- Қызылордалық тұрғындарды мен осы «Таза бейсенбі» акциясына белсене қатысуға шақырамын. Бұл «Таза бейсенбі» акциясы қазір Қызылорда облысында, аудандарда, елді мекендерде жақсы жолға қойылған. Міне, сол себепті әрбір азамат өзінің туған қаласына деген сүйіспеншілігін өзінің ортасын таза ұстауды көрсете білу керек деп ойлаймын.
Жезқазғанда тұрғындар Кеңгір көлінің жағасын қоқыстан тазартты
Жезқазғанда «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы барысында Кеңгір көлінің жағасынан 5 тонна қоқыс шығарылды. Ортақ іске қала тұрғындарымен бірге кәсіпорын ұжымдары, «Жасыл ел» жасағының жастары қатысты. Жағалауға демалушылар тастап кеткен күл-қоқыс шығарылып, қураған ағаш бұталары кесілді. Табиғат жанашырлары 2 шақырым аумақты тазалады.
Бақытжан Сүлейменов, қала тұрғыны:
- Жалпы менің өз ойым. Жезқазған қаласының әрбір тұрғыны осы тазалыққа қатысу борышы, міндеті деп ойлаймын. Себебі, тазалық қаланың көркі, осы қалада тұрып жатқан халқымыздың денсаулығы. Қоқыс әжептәуір бар. 50-60 әріптесіміз шықты осы жерді тап-таза қыламыз деп ойлаймыз.
Гүлбану Сейітжанова, «Amanat» партиясы облыстық филиалының бөлім меңгерушісі:
- Біздің миссиямыз қалаішілік емес, қала сыртын тазалау болып табылады. Яғни, үлкен көлемдегі қоқыстарды шығару. Жазғы демалыста адамдардың көп демалатын жері өзен-көлдің жағасы болса, осы Кеңгірдің жағасын таза ұстау негізгі мақсатымыз.
Жезқазғанда арнайы жабдықталған 2 жағажай бар. Бірақ бұл 90 мың тұрғынға аздық етеді. Сондықтан демалушылар ала жаздай Кеңгірді жағалайды. Аумақты үнемі таза ұстап отыру үшін «Таза Қазақстан» акциясы аясында бейсенбілік өткізу 6 маусымда басталды. Болашақта жасанды көлдің жағасында саябақ салынады. Ол үшін облыс әкімдігі мен жерасты байлығын игеруші компания арасында арнайы меморандум жасалды.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрлан Жақыпбеков, Мерей Бает