Уран банкі қайта сертификаттаудан өтті
2019 жылы Өскеменде Атом энергиясы жөніндегі Халықаралық Агенттіктің қолдауымен төмен байытылған уран банкі құрылды.
Банк 5 жылдан кейін қауіпсіздік жағынан қайта сертификаттаудан өтті. Ол үшін мамандар тың технологияларды әзірлеуге күш салды.
Жалпы, әлемде атом электр станциялары алғаш рет 70 жыл бұрын пайда болды. Бүгінде саны 450-ге жуықтады. Олар толыққанды жұмыс істеуі үшін отын тұрақты жеткізілуі керек. Оған геосаяси жағдай да, табиғи апаттар да кедергі болмауы керек -дейді сала мамандары.
Төмен байытылған уран банкінің әлемде теңдесі жоқ. Оны құру үшін МАГАТЭ мамандары 10 жыл бойы жұмыс істеген. Менеджері Клемент Хилл жобаны іске асыруға бар күшін салуда. Банк тұрғанда атом электр станциялары отынсыз қалмайды – дейді ол.
Клемент Хилл, "МАГАТЭ төмен байытылған уран банкі" жобасының менеджері:
- Бұл әлемдегі жалғыз банк. МАГАТЭ-ге мүше елдер қажет болған жағдайда оның қорын пайдалана алатындай етіп құрылған. Егер кенеттен отын жеткізуде қиындықтар туындап жатса, уран осы жерден шығады. Мұнда сақталған материал үлкен қаланы үш жыл бойы электрмен қамтамасыз етуге жеткілікті.
Үлбі металлургия зауытының аумағындағы қоймада 90 тонна уран гексафториді бар. Ол беріктігі жоғары болаттан жасалған 60 цилиндрге оралған. Бес жыл өткеннен кейін МАГАТЭ қойманы тағы бір тексеруге шешім қабылдапты.
Александр Ходанов, Үлбі металлургия зауытының өткізу жөніндегі директоры:
- Әлемнің ешбір жерінде цилиндрлер ұзақ уақыт сақталмайды. Бұл апаттық жағдайға дайындалған қойма. Себебі цилиндрлер 5 жылдан астам уақыт бойы сақталған. Келешекте оларды тасымалдау мүмкіндігі туындауы ықтимал. Сондықтан қайта сертификаттау қажет.
Ол үшін инновациялық технологияны әзірлеу керек болды. Әдетте уран гексафторидін ағызып, содан кейін құтылардың бүтіндігі тексеріледі екен. Оқыс жағдайдың алдын алу үшін олар толы кезінде тексерілді. Ол үшін Өскеменнің машина жасау зауытында арнайы қондырғы әзірленіпті.
Александр Ходанов, Үлбі металлургия зауытының өткізу жөніндегі директоры:
- Гексафторидпен бірге цилиндрдің салмағы 3 тоннадан асады. Гексафторид төменгі жағында орналасқан. Демек, орындары ауысып кеткен. Бұл қондырғыда цилиндрді белгілі бір төмен жылдамдықпен айналдыру керек болды.
Минутына 2 айналым. Мамандар цилиндрлерді барлық жағынан тексерді. Дәнекерленген жіктер мен қақпақтардың тығыздығы ультрадыбыстың көмегімен анықталады. Тексеру сәтті өтті. Нысанның өзі де халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Басында тұрғындардың алаңдағаны рас. Дегенмен мамандар мұндағы радиация деңгейі табиғи фоннан 2 есе төмен екенін айтады. Маңызды жоба әлемдегі ядролық қауіпсіздікті сақтауға септігін тигізеді.
Қарлығаш Қасиетова, Әнел Есенбердина, Жігер Бабақанов, 24.KZ, Өскемен