8 елдің экобелсенділері бас қосты
Өзбекстанда Орталық Азияның жас экобелсенділері бас қосты.
Жиын Самарқанда өтті. Оның аясында аймақтың климаттық күн тәртібіне қатысты мәселелер көтеріліп, COP29 саммитіне әзірлік пысықталды. Ал форум биыл күзде Бакуде өтеді. Бауырлас мемлекет жастары сол жиынға біркелкі ұстаныммен баруды көздеп отыр.
Аймақта жас экобелсенділердің қозғалысы бұған дейін болмаған. Өзара интеграция енді жолға қойылып келеді. Өзбекстан үкіметі ұйымдастырған халықаралық экологиялық лагерь осы мақсатты көздейді.
Анвар Теміров, Өзбектан Экология министрлігінің басқарма басшысы:
- Халықаралық экологиялық лагерьді екінші жыл ұйымдастырып отырмыз. Былтырға қарағанда биыл қатысушылардың географиясы кеңейді. Мұның бәрі жаһандық климаттық өзгеріс мәселелерін реттеуге бағытталған. Жастардың мұндай шараларға қызығушылығы жоғары.
Орталық Азияның табиғат қорғаушылар қозғалысына Түркия, Венгрия және Әзербайжан жастары да қосылып отыр. Соңғысы биыл климаттық өзгеріс саммитін қабылдайды. Бакуде өтетін «COP29» конференциясына экобелсенділер қызу дайындыққа кіріскен. Олар экосауаттылықты арттыруға бағытталған семинар-тренингтерге қатысып, ортақ ой қалыптастыруға ден қойған.
Темірлан Болат, экобелсенді /Қазақстан/:
- Ең өзекті мәселелер: су тапшылығы және климаттық өзгеріс мәселелерін талқылауға жиналдық. Біздің жастар бірігіп, кооперациялық топ құрып, мәселелердің шешілуіне атсалысуы керек. Болашақта жаһандық деңгейдегі климаттық конференцияға өзіміз дайындаған құжатымызды алып барамыз.
Лагерь аясында қатысушылар экологиялық жобаларды талқылап қана қоймай, оның дайындалу ісіне атсалысты. Қоршаған ортаны қоқыстан арылту әрі қалалық жерлерде қалдық сұрыптаудың маңызы туралы айтылды.
Рауан Мыңбаев, 24.KZ, Өзбекстан