Атырау облысында қолдан өсірілген бекіре шабақтары суға жіберіледі

Атырау облысында бекіре шабақтарын қолдан өсіретін шаруашылықтар алғашқы өнімдерін шығара бастады.

Жазғы маусымда «Жайық-Каспий» бассейніне 4 миллион бекіре шабағы жіберілуі тиіс. Оның 1 миллионы табиғат пайдаланушылардың үлесінде. Биылғы шабақтардың ішінде бекіре тұқымдастардың ең бағалы және табиғи ортада тұқымы жойылып бара жатқан қортпа шабағы басым.

Бұл шаруашылық тауарлы бекіре балығын өсірумен айналысады. Олар жылына 10 тонна балық пен 1 тонна қара уылдырық өндіреді. Қосымша табиғат пайдаланушы ретінде ортақ теңізді балық қорымен толықтырып отырады. Қазір мұнда 1 млн дана шабақ өсіп жатыр.

Ахат Нематов, бас балық өсіруші:

- Соның ішінде қорытпаның, пілмайдың және орыс бекіресінің шабақтарын табиғат пайдаланушылар есебінен жіберу көзделуде. Қазір жас шабақтардың салмағы алды 3,5 грамм, ең кішкентайлары 1 граммның айналасында болып тұр.

Бекіре шабақтарын өсірушілерге қойылатын талап жоғары. Себебі, өзенге жіберілетін ертеңгі ересек балық қоршаған ортаға бейімделуі тиіс. Өнген шабақтардың да өзіндік стандарттары бар. Оны балық инспекциясы қадағалайды. 

Ләззат Кенжеғалиева, «Жайық-Каспий» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының маманы:

- Шабақтың салмағы 3 граммнан асуы керек. Қазір балықшы субьектілері өз міндеттемелері бойынша балықтандырумен айналысады. Мұнайшылар балық ресурстарына келтірілген залалды өтеу үшін олардың салмағы 20 грамнан асуы керек.

Соңғы жылдары Жайық-Каспий бассейнінде бекіре тұқымдастар азайып кетті. Аталық-аналық балықтардың аздығынан шаруашылықтар жоспарды зорға орындайды. Сондықтан тауарлы фермалар бекіре балықтарын жыл бойы бағып, қолдан көбейтуді қолға қойған.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Бұл көріп тұрғандарыңыз орыс бекіресінің 2 жылдық шабағы. Енді 5 жылдан кейін осы шабақтар өнім бере бастайды. Жалпы қазір шаруашылықта осындай 2 мың дана бекіре тұқымдас балық бар. Олар шаруашылықтың жылына тапсыратын өнімдерінің басты алғышарттары болып табылады.

Атырау облысында 3 шаруашылық бекіре шабақтарын өсірумен айналысады. Олар табиғат пайдаланушылардың тапсырысымен жылына 4 млн дана шабақ шығарады. Биылғы шабақтар шілде-тамыз айларында өзенге жіберілуі тиіс.

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин