Еріктілер ертіс жағасын қоқыстан тазартты

Еріктілер ертіс жағасын қоқыстан тазартты

Курчатов қаласы мен Бородулиха ауданының тұрғындары қоғамдық орындарды қоқыстан тазартты, деп хабарлайды 24kz.

Тазалық акциясы басталғалы 84 мыңға жуық адам үлес қосқан. Мыңдаған тонна күл-қоқыс арнайы полигондарға шығарылды.

Курчатов тұрғындары Ертіс жағалауын қоқыстан тазартты. Акцияға 50-ден астам ерікті қатысып, 25 қап қоқыс шығарды. «Өзен жағасына демалуға келгендер тазалық сақтамайды», - дейді еріктілер.

Нұрайлым Русланқызы, қала тұрғыны:

- Әр күн сайын жұмыс істеп жатырмыз. Бұрыңғыдан қарағанда қаламыз тазарақ болып қалды.Ертістің жағасында жүрсең де, қаланың ішінде де жұмыс жасалып жатқаны көрініп тұрады.

Ал, Бесқарағай ауданында «Таза көше» акциясы өтті. Науқан аясында көшелер қоқыстан тазартылды. Жүзге жуық адам атсалысты.

Салтанат Мендібаева, аудан тұрғыны:

- Ауданымыздың өркендеуіне, тазалығына мән беріп жатқан ауданымыздың барлық жастарына алғыс айтамын. Осындай бастамалар көп болсын.

Семейде өткен «Гүлдер өмір үшін» акциясына «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының сарбаздары үлес қосты.Белсенді жастар бір кісідей жиналып, жайқалған жасыл желекті арам шөптен тазартты

Елдар Мақсұтов, жастар орталығының директоры:

- Қаламыздың көркеюіне өздерінің үлесін қосып жатыр. Жалпы Семей төңірегінде біздің қала жастары белсенді. Президентіміз бастаған акция қолдау тауып, әр бейсенбіде тазалық жұмыстарын жүргізуде.

Жалпы Абай облысында «Таза Қазақстан» акциясына 84 мыңға жуық адам үлес қосты. 68 мың аула тазаланып, 41 мың тонна қоқыс шығарылды. Экологиялық акция барысында өңірде 135 мың ағаш отырғызылды.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы,Медет Өмірханов