Ішкі туризм. Қостанай өңірі қолдауға зәру

Науырзым қорығы туристерді алуан түрлі өсімдік әлемі және сирек кездесетін аң-құсымен қызықтырады.

Бірегей табиғи кешенге келушілер көп. Отбасымен демалуға немесе ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге шетелден арнайы мамандар да ат басын бұрып жатады.

Науырзым қорығына келген адамдарды алдымен музейге апарады. Мұнда жергілікті тұмса табиғаттың бай әлемі барынша көрініс тапқан. Содан кейін туристер алдын-ала анықталған бағыттар бойынша қорықтың қызықты, көрікті деген жерлерін тамашалайды.

Жасұлан Қазымжан, Науырзым қорығының экология ағарту бөлімінің басшысы:

- Науырзым қорығында алты маршрут бар. Соның жұмыс істеп тұрғаны экологиялық бағытта бірінші маршурт пен екінші маршрут. Жаңағы көріп отырғандай, бірінші маршрут осы бұлақ соқпағы, көріп отырсыздар, келген адамдар осы жерде жабайы табиғат аясында демалады. Ал екінші маршрут – Науырзым қарағайы. Қалғаны ғылыми бағыттағы маршруттар.  

Былтыр қорыққа 600-ге жуық турист келген. Ал биыл бір айдың ішінде сонша адам демалып қайтқан. Әрине мемлекеттік табиғи қорық болғандықтан шектеу бар, бақылау күшті. Десек те, жабайы табиғатқа жақын болғысы келетіндерге мұнда барынша жағдай жасалған. Тамақтанып, түнейтін киіз үй, шатырлар тігілген. Демалып, көңіл көтеретін ойын алаңдары бар. 

Ханымкүл Уәлиева, демалушы:

- Демалыста балаларымызбен, әріптестерімізбен демалып тұрамыз. Науырзым табиғатының байлығы, табиғатының құндылығы, табиғатта бір сезім, күш бар, адамның денсаулығына сондай күш-қуат беретін. Өте тамаша.

Қостанай өңірінде туристерді тартатындай қызықты, көрікті, тарихи орын аз емес. Бірақ бұл сала әлі дұрыс игерілмей жатыр. Оның негізгі себебі, көлік логистикасының нашарлығы, - дейді турфирма өкілдері

Гүлмира Қапенова, туристік фирма құрылтайшысы:

- Біздің өңірге туристер тарапынан қызығушылық бар. Бірақ оларды жолдың қашықтығы қорқытады. Шетелдіктер 200 шақырымнан алыс болса, шағын ұшақ бар ма деп сұрайды. Ондай қызмет түрі бізде дамымаған. Тарихи мекен Аманкелді, Жанкелдин аудандарына автокөлікпен жету қиындық тудырады. Жолда аялдап, демалатын қызмет көрсету орындары жоқ.

Иә, өңірде жұрт көзінен таса қалып жатқан, тамаша жер көп. Мысалы, Науырзым қорығы аумағындағы Тірсек орман алқабы ерекше бір тылсым әлем. Ақшыл, қызғылт түсті сазды төбешіктер өзге бір ғаламшарда жүргендей әсер қалдырады. Бұл жерде бұрын теңіз болғандығына әр жерде тас болып қатқан теңіз маржандары мен ұлу қабыршықтары дәлел. Қорық қызметкерлері қонақтың қалауына қарай осындай алуан ландшафты атпен, көлікпен аралатып, көрсетуге даяр.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг, 24.KZ, Қостанай облысы