Су тасқынынан сабақ алдық па?

Биыл батыс өңірдегі су тасқынынан Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігінде теңіз деңгейі 119 см-ге көтерілді.

Сәуір-мамыр айларында Су ресурстары және ирригация министрлігі мен жергілікті әкімдік бірлесіп атқарған жұмыс нәтижесінде теңізге 7,4 млрд текше метр су жіберілді. Жүздеген гектар шабындық, жайылым алқаптарына тіршілік нәрі жетіп, шаруаларға мал азығын дайындауға мүмкіндік туды.

Бұл Атыраудың іргесіндегі Соколок каналының 12-13 мамырдағы келбеті. Арнасынан асқан өзен көп жыл аршылмады. Кейін жыраға айналған арнаға сыймай, облыс орталығына қатер төндірді. Төтенше жағдай жарияланған соң барлық күш өзен суын ұлы теңізге кідіріссіз өткізуге жұмылдырылған болатын. Осылайша, қала аман қалып, жер ылғалға бөкті..

Әлібек Семғалиев, 112-учаскенің үйлестірушісі:

- Соколок каналын тереңдету, жырасын ашу теңізге қарай бағыттау жұмыстары демеушілікпен жасалды. Қосымша 14 шақырым қазылды. Жалпы тазалау жұмыстарын қосқанда 24,5 шақырым. Біз салған 18,5 шақырым бөгеттің 10 шақырымында қазір су тұр. Біздің салған бөгетіміз, жоспарымыз өте дұрыс болды.

Ұзын аққан Жайық өзені Атырау облысының Индер, Махамбет аудандары арқылы Каспий теңізіне құйылады. Жолындағы жүздеген елді мекендерді су шайып кету қаупі туағанда егіс алқаптары мен мал жайылымдарына су шығаратын каналдар іске қосылды. Облыс бойынша 20 канал ашылып, нәтижесінде, сол арналар арқылы Каспийге 350 млн текше метр су ақты.

Асланбек Рысжан, "Қазсушар" РМК Атырау филиалының директоры:

- Махамбет ауданы бойынша Нарын, Бақсай, Сарыөзек каналы, қала бойынша Соколок судың деңгейі көтерілген кезде өр суы кіріп, теңізге қарай бағытталды. Шаруашылық жерлері толық суландырылды. Көп жылдық шөп бар бір жылдығы сол жер лимандық алқаптарға су толықтай толды.

Биылғы тасқын кезінде Қызылқоға ауданында 18 мың гектар, Махамбет ауданында 2700 гектар алқапқа өр суы жайылды. Демек, шабындық пен мал өрісі ұлғайды. Қазір өзен арнасына түсті. Бірақ көлтабандардың көбі құрғаған жоқ.

Биылғыдай нөпір су ауылдарға қауіп төндірмес үшін жергілікті билік судан қорғанудың жоспарын дайындауда. Онда Соколок каналын әлі де тереңдетіп Каспий теңізіне дейін 45 шақырымға дейін қазу жоспарланған.

Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жанджос Рахметуллин, 24.KZ, Атырау обылсы