Жетісу облысындағы Қаратал өзенінің жағалауы қоқыстан тазартылды
Жетісу облысы Үштөбе қаласының тұрғындары Қаратал өзенінің жағалауын күл-қоқыстан тазартты.
AMANAT партиясының филиалы ұйымдастырған экологиялық акцияға 150-ден астам адам жұмылдырылған. Олар өзен жағалауынан 5 тонна қоқыс шығарды. Жалпы, соңғы жылдары Қаратал өзенінің жағасы туристер көп жиналатын орынға айналған. Бірақ, демалушылар тазалықты сақтамайтын көрінеді. Сондықтан экобелсенділер қоршаған ортаны ластамауға шақырады.
Ажар Есенаманова, Үштөбе қаласының тұрғыны:
- Еліміздің тазалығы әрбір қазақстандықтың міндеті. Елімізді халқымыз таза ұстаса деп шақырамын.
Мақсат Шәмиренов, Қаратал ауданы әкімінің орынбасары:
- Жалпы аудан бойынша «Таза Қазақстан» акциясына 11 мың 800 адам жұмылдырылды. 537 тонна қоқыс шығарылды. 2500 түп ағаш,5 мың түп ағаш егілді. Аудан аумағындағы 36 ескерткіш тазаланып, әктеліп, сырланып, 6 саябақ көгалдандырылды. Жалпы аудан бойынша 154 шақырым арық тазаланды.