200-ге жуық адам Жайық жағасын тазалады

Атырауда тасқын судан қорғану мақсатында Жайық өзенінің жағасын бекіткен қаптар жиналып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында Amanat партиясы облыстық филиалының қызметкерлері, мәслихат депутаттары, жастар мен бірнеше мекеме ұжымы Жайық өзенінің жағалауын тазалады. 200-ге жуық адам қатысқан экологиялық акция облыс орталығындағы Жастар саябағы мен Тұрғындар қалашығы аумағында өтті.

Жайықтың жағасында орналасқан Жастар саябағына қала тұрғындары жиі келеді. Кешкілік осында серуендеп, уақыттарын өткізеді. Тасқынға тосқын қою мақсатында өзен жағалауы қаптармен бекітілген еді. Қауіп сейілгеннен кейін қазір жаға қоқыстан тазалануда. «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы экологиялық іс-шараға жастар да үн қосып жатыр.

Қаршыға Жауымбаев, қалалық мәслихат депутаты:

- Қаланың таза болғаны, еліміздің тыныш болғаны бәрімізге керек нәрсе ғой. Сондықтан осы жерде өзім қуанып тұрғаным, Amanat партиясынан келген жастардың патриоттық сезімі ұнап тұр. Жастар осы таңғы 9.00-ден бастап жұмыс істеп жатырмыз.

Абылай Құрметұлы, «Жастар рухы» Жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы:

- Бүгін «Таза Қазақстан» эстафетасына «Жастар рухы» Жастар қанаты, Атырау облыстық филиалының жас еріктілері қатысуда. Бұл жердегі негізгі мақсат – жастар арасында қоршаған ортаны таза ұстауды насихаттау. Біздер осы ақпаратты таратқаннан кейін жастардың осы келуі, құлшынысы жоғары десек болады.

Өңірдегі энергетика кешеніне қарасты мекеме қызметкерлері де экологиялық акцияға қатысып, Жайық өзенінің жағалауын тазалады. 160-қа жуық адам «Тұрғындар қалашығы» ықшам ауданының аумағына жұмылдырылды. Арнайы техникалар да тартылған.

Нұржан Жұмабаев, жарықпен қамтушы кәсіпорынның бөлім басшысы:

- «Атырау Жарық» мекемесі бар, Жылу электр желілері, Атырау энергосату және жылу электр орталығы. Осы 4 мекеменің 160-қа жуық қызметкері тазалық жұмыстарын атқарып жатыр. Осындай акциялар дәстүрлі түрде жалғасын таба беретін болса, мемлекетіміз үшін оның берері көп болмаса аз емес. Сондықтан жалғасын тапса, еліміз үшін маңызы зор.

«Таза Қазақстан» акциясы алдағы уақытта да жалғасын табады. «Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында мұндай іс-шаралардың маңызы зор», - дейді ұйымдастырушылар.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин