Түркістанда аптап ыстық болып тұр

Аптап ыстықта жасыл желек қурап қалмас үшін түркістандықтар ағаш-талды түнде суаруға көшті.

Себебі жиі су құйып тұрмаса, көк қурап, газондар сарғайып, гүлдер солып қалады. Ерекше ыстық өңірде ағаштарды күннен қорғау жолдары қандай?

Түркістанда соңғы 1 айда күн ерекше ыстық болып тұр. Ауа температурасы 40 градусқа дейін көтеріліп, аптап ыстық апшыны қуырып барады. Сондықтан қала билігі жасыл желек пен өсімдіктерді аман алып қалу үшін түн салқынмен суаруға көшті. 

Ербақыт Тұяқбаев, жүргізуші:

- Біз түнгі ауысымда жұмыс істейміз, кешкі сағат 18:00-ден түнгі сағат 3:00-ке дейін. Қаланың жасыл желегі сарғаймас үшін түнімен 7-8 рейс жасаймыз. Осы талдарды, газондарды суғарамыз. Күн ыстығына байланысты екі ауысымда жұмыс істеп жатырмыз. 

Қаланы көгалдандырумен арнайы мекеме айналысады. Ондағы 1500-ге жуық адамға жасыл желекті уақытылы суару, түбін қопсыту, газондарды күтіп-баптау міндеті жүктелген. Су шашатын арнайы техникалармен қамтылған. 

Мақсат Жолдыбеков, көгалдандыру мекемесінің басшысы:

- Жасыл желектерді осындай техникалармен 3 уақыт суғарамыз. Бұдан бөлек автоматты түрде қосылатын құрылғылар бар, олармен де суғарып жатырмыз. Түркістанда ауа райы өте ыстық қой жаз мезгілінде, соларды қуратып алмау үшін, сарғайтып алмас үшін күш салып жатырмыз. Қай көшелерде көшеттер бар, қай көшеде газон бар, бәрін суғарып шығамыз. 

Нұрбол Тұрашбеков, қала әкімі:

- Таңғы сағат 5-тен 9-ға дейін, кешкі сағат 8-ден түнгі сағат 3-ке дейінгі ауысымда жұмыс атқарады. Оны күнделікті бақылауда ұстап отырмыз. 30-ға жақын техникаларымыз аэрация қызметін атқарады. Қосымша бізде қалаға келетін «Арыс-Түркістан», «Кентау-Қосқорған» каналдарының суын мейілінше түні бойы суару жұмыстарын жүргіземіз.

Қазіргі күні қала аумағы 318 гектар болатын 32 саябақ, 20-дан астам аллея бар. Ал күнделікті суғаруды қажет ететін көгалды аймақ 262 гектардан асады. Жыл сайынғы көгалдандырудың нәтижесінде егілген ағаш саны 925 мыңға жеткен. Одан бөлек, 8 гектарға гүл егілген. Жалпы қала бойынша 600 гектардан астам аумақ күтіп-баптауды қажет етеді. 

Жандос Жұмабек, тілші:

- Мамандар топырақтағы ылғалдылықты ұстап тұру үшін жасыл желекті түнде суарудың пайдасы көп екенін айтады. Күн ұясына батып, аптап басылған кезде өсімдіктер суды бойына терең сіңіреді дейді. Қазір айналаның бәрі жаңбыр жауып өткендегідей әсер беріп тұр. Суға шомылған ағаштар, салқын леп, жанға жайлы ауа күндізгі қапырық қажыған қала тұрғындарына ерекше көңіл күй сыйлайтыны анық.   

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш