Қонаев қаласынан аптасына 600 тонна қоқыс шығарылады
Шомылу маусымының басталуына орай туристер ағыны көбейген, деп хабарлайды 24KZ.
Сол себепті қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мекемесі мен коммуналдық кәсіпорындар барлық күшті жағажайларды тазалауға жұмсап жатыр. Мысалы, қаладағы №7 жағажайдың өзіне 60 шақты қоқыс жәшігі орнатылған. Ол жерден күніне 90 тонна тұрмыстық қатты қалдық шығарылады. Ал қаланың ішінен күнделікті 10-12 тонна қоқыс жиналады. Қала тазалығына күн сайын 120 адам, 14 техника жұмылдырылып отыр. «Саябақтар мен гүлзарларды, арықтарды да таза ұстаймыз. Экологиялық іс-шара барысында бір күннің ішінде 12 шақырымдай арық тазартылды. Ағаштарды санитарлық кесу жұмыстарына да айрықша көңіл бөлінеді», – дейді мамандар.
Марк Бейдалиев, «Жасыл қала Қонаев» МКК басшысы:
- Күніне таңертең 5 КамАЗ қоқысты шығарып отырмыз. Себебі су кетіп жатыр. Бірақ жағаны әрқашанда таза ұстауымыз керек. Бұл – біздің міндетіміз. Соған 15 адам, 3 техника қазір дайын, күнделікті жұмыс істеп жатыр. Ережені бұзады, қоқысты тастайды, сосын қызу кезде суға барып шомылады. Ереже бойынша біз анықтама беріп жатырмыз. Түсіндіріп жатырмыз. Бірақ амал қанша, адамдардың мәдениеті өте төмен деңгейде.