ШҚО-да бірнеше сейсмостанция салынады

Шығыс Қазақстанда сейсмостанция саны артады. Әзірге олардың екеуі ғана бар.

Өңір сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады. Елдің шығысында 8-9 баллдық жер сілкінісі болуы мүмкін. Биыл Риддер қаласы мен Зайсан ауданында 2 жағдай тіркелді. Аймақта соңғы рет 8 баллдық зілзала 1990 жылы болды. Ол кезде Зайсан мен оған жақын 3 ауданда 9 мыңға жуық баспана қирап, 1 бала қайтыс болған еді. Кейін жер сілкінісін болжайтын сейсмоқұрылғылар орнатыла бастады. Облысқа қарасты 11 ауданға бір-бірден, ал Өскемен қаласына 2 белгі беретін құрылғы қойылды. Соның көмегімен зілзала ошақтарының картасы әзірленді.

Төтенше жағдайлар қызметі тарапынан алдын алу жұмыстары күшейтілді. Маусым айында «Жер» республикалық командалық-штаб жаттығу өтті. Облыс бойынша жарты жыл ішінде 2,5 мыңға жуық сейсможаттығу ұйымдастырылды.

Мамандар кейінгі 10 жылда өңірде 2-ден 6 баллға дейінгі 19 жерасты дүмпуін тіркеген. «Қосымша сейсмостанция салу қажеттіліктен туындап отыр» дейді олар. Жақында облыста сейсмоқауіпсіздік бойынша кешенді жоспар бекітілді.

Нұрболат Өтеев, ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының инженері:

- Бұл жоспарға сәйкес, Шығыс Қазақстан аумағында 12 сейсмостанция орнату жоспарда бар. Және 2025-2026 жылдары Өскемен қаласындағы қоғамдық ғимараттарды паспорттауға негіз болады.