«Таза Қазақстан» аясында Жаңатас қаласы тазартылды
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Жамбыл облысының жастары Жаңатас қаласын қоқыстан тазартты.
Үш күн бұрын нөсер жауып, қалада 13 көшені су басқан еді. Еріктілер ағыннан қалған қоқысты жиып, коммуналдық мекемелерге көмектесті. Қазір арнайы құрылған комиссия шығын көлемін анықтап жатыр.
Таудан аққан жауын суы Ақмарал Жұмабекованың үйіне кірген. Үйі ылдида орналасқандықтан қызыл су 1 метрге дейін жетіпті. Салдарынан баспанадағы барлық жиһаз бен тұрмыстық техника бүлінген.
Ақмарал Жұмабекова, қала тұрғыны:
- Есік алдында немерелер ойнап жүрген. Қолымызға көтеріп алып, тұра салып көшеге қаштық. Мына судың бәрі деңгейі бір метрге дейін үйге келген. уже осадка беріп үйіміз құлайын деп жатыр. Жарылып тұр. Талабымыз қайтадан үйімізді тұрғызып берсе деп отырмыз үкіметтен. Бұзып. Мынау қайтадан жөндеу болса, астының бәрі сырость суға толып тұр. Құлап қалады ол ремонт істегенімен.
Жаңбыр суы тағы 46 баспананы бүлдірді. 400-ге жуық аулаға кіріп, мектеп жертөлесіне де су толған. Бірнеше елдімекен жарықсыз қалды. Қарқыны қатты ағын 6 көшенің асфальт жабындысын қопарып тастаған.
Мерей Бает, тілші:
- Көлбеу ағынның күшті болғаны соншалықты асфальтталған көшені арыққа айналдырып жіберген. Қазір мұнда қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамандар асфальтты толықтай сүріп, мұнда жаңа жол салмақ.
Қазір ауданда арнайы құрылған комиссия шығын көлемін анықтап жатыр. Әзір 2 үйді жарамсыз деп танып, қайта салуға қорытынды берген. Алдағы екі аптада толық шығынды есептеп береді.
Сәкен Мамытов, Сарысу ауданының әкімі:
- ҚазНИСА мекемесі бүгінгі таңда сараптама жүргізіп жатыр. Сараптама қортындысына бірінші кезекте су кірген үйлердің дуалдарының бәрі кебу керек деп жатыр. 2-3 күн көлемінде кепсе, нақты сараптама қортындысымен шығындар анықталатын болады. Адамның өмір сүруіне қажетті құрал саймандар; газ, тоңазытқыш сияқты мәселелердің бәрі сол судан зардап шеккендердің бәрі мемлекет тарапынан өндіріліп беретін болады.
Табиғи апаттың салдарын жоюға 280 адам мен 50 ден аса техника жұмылдырылды. Экологиялық акция аясында 150 ерікті Жаңатасқа көмек беруге арнайы барды. Олар селден соң қоқыс толған арықтар мен көшені, ойын алаңдарын тазалада. Белсенді жастар бір күннің өзінде 12,5 тонна күл қоқыс шығарды.
Абзал Есіркепов, волонтёр:
- Тек Тараз қаласы емес, сонымен қатар Жамбыл Байзақ Жуалы Талас аудандарының еріктілері де келіп қосылған болатын. Осындай қиын кезеңде біздің еріктілер назардан тыс қалмай осы өңірге қарай өз қол ұшымызды созуға келдік.
Облыстың барлық ауданында «Таза Қазақстан» акциясы ұйымдастырылды. Жалпы науқан басталғалы тазалық жұмыстарына 500 мыңнан аса жамбылдық қатысқан. Олар 818 шақырым канал мен арық жүйесін, 4,5 мың шақырым көшені тазалады. Аймақта 60 мыңға жуық көшет егілді. Жалпы 12 мың тонна қоқыс шығарылды.
Мерей Бает, Тимур Сейілхан