Жетісудағы Жалаңашкөл жағалауынан 300 келіден астам қоқыс жиналды
Волонтерлер Жетісу облысындағы Жалаңашкөл жағалауынан 300 келіден астам қоқыс жинады.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен шараға Ырғайты, Достық және Үшбұлақ ауылының 50-ге жуық тұрғыны қатысты. Жалаңашкөлді жағалай Шығыс Қазақстан облысы бағытындағы көлік жолы өтеді. Сондықтан мұнда жолаушылар жиі аялдайды. Суы мен балшығы дертке шипа деп келетін туристер саны да жыл санап артып келеді. Негізінен жаңбыр суымен толатын көлдің құрамында 13 түрлі химиялық элемент кездеседі.
Қарлығаш Сәлменова, турист:
- Жылда Алматы қаласынан осы Жарбұлаққа келіп демаламыз. Демалып келетін адамдарға айтарымыз шашпай артын жинап өздерінің мусорларын алып кетсе. Тазалық сақтаса. 200-300 метр жерде урна тұр ғой. Соған апарып тастаса.
Ермек Еңсебаев, Достық ауылдық округінің әкімі:
- Көлдің шипалығына байланысты бұл көлді сақтап қалуымыз керек. Тазалығын үнемі қадағалауда ұстауымыз керек. Сол себепті демалушыларға тек қана тазалықты сақтауды сұраймыз.