ШҚО-да қараусыз қалған жағажай тазаланды
Шығыс Қазақстан облысында қараусыз қалған жағажай қалпына келтіріліп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында төтенше жағдайлар қызметінің мамандары Глубокое кенті маңындағы су қоймасының түбін тазалау үстінде. Жергілікті билік таяу уақытта жағажай айналасын абаттандыруға кіріспек.
8 арнайы техника жұмылдырылған тазалау шарасына Глубокое кентінің тұрғындары да белсене қатысты. Өйткені олар бұл жағажайды жылдар бойы күтіп жүр.
Ерболат Есілбаев, Глубокое кентінің тұрғыны:
- Мыс зауытында жұмыс істедік. Сол уақыттан бастап осы жағажай зауыт қамқорлығында болған. Қазір 20 жылдан астам қараусыз қалды. Жастарға балаларға арналған ойын-сауық ойындары болады деп ойлаймын. Мына суды тазарту жағынан да санэпид станция тексеріп, қамқорлығына алса. Келешекте автобустардың жүргенін де қалаймыз. Өйткені осында келіп-кететін адамдарға ыңғайлы болу керек.
Маралхан Шәкәрім, Глубокое кентінің тұрғыны:
- Бұл енді Глубокое кенті кішкене ауыл сияқты болды. Енді кәуап аймағы, балалардың ойын алаңқайы, спорт алаңдары болады деді. Соған өте қуаныштымын. Өте керемет жаңалық. Болашақта туристік аймаққа айналады деген ойдамын.
Жағалауы мен келу-кету жолдары тазартылған жағажайда қауіпсіздік шараларына баса мән берілмек. Қазірден бейнебақылау камералары мен хабарлама тарату құрылғысы орнатылды.
Өтеміс Райымбеков, Глубокое аудандық ТЖБ бастығы:
- Арнаулы жағажай ашылуына байланысты біз жағажайдың астындағы қауіпті заттардан тазалауға құтқарушыларды шақырдық. Олар судың астынан адам шомылғанда қауіп туғызатын ағаш, цемент, шишаларды алып тастады. Өйткені адам жүзгенде олар қауіп төндіруі мүмкін. Бұл жерде қосымша қауіпсіздік бекеті ашылады. Маман жұмыс атқарады және оның шеңбер, құтқару күртешесі тағы басқа арнайы құралдары болады.
Руслан Асанов, Глубокое кентінің әкімі:
- Аудан әкімдігінің қолдауымен айналаны абаттандырамыз. Қалқымалы көпір мен арал орналастырып, туристерге керемет көрініс сыйлауға тырысамыз. Жағажайды жаңғырту жұмыстарын келесі жылы да жалғастырамыз.
«Таза Қазақстан» акциясы басталғалы өңірде мыңға жуық көлшік тазаланды. Елді мекендерден 29 мың тоннадай қоқыс шығарылды.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Айтмұхамбет Бәйділдаев.