Қостанайлықтар өздері тұратын үйлердің аумағын абаттандыруға кірісті

Қостанайда көпқабатты үй тұрғындары аулаларды абаттандыруға ден қойып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Тазалық шараларына белсене қатысып жүрген олар енді «Таза Қазақстан» акциясы аясында өздері тұратын үйлердің аумағын көркейтуге кірісті. Қоршауларды бояп, түрлі-түсті гүл өсіруде. Жалпы облыс орталығында үлгілі үйлер аз емес. Солардың бірі Гагарин көшесіндегі 14-ші үй. Мұндағы ауланың тазалығы мен күтімі жұрттың таңданысын тудырмай қоймайды. Мүлік иелері бірлестігінің жетекшісі Наталья Медведеваның айтуынша, бұл осындағы тұрғындардың ортақ жетістігі. Бұған дейін бәрі бірігіп, ғимараттың жертөлесі мен шатырын ретке келтірсе, енді өз қолдарымен жасаған шағын мүсіндерін қойып жатыр.

Наталья Медведева, мүлік иелері бірлестігінің жетекшісі:

- Ауланың тазалығын үнемі бақылап отырамыз. Қажет болса жөндеу жүргіземіз, бояймыз. Барлығын өзіміз істеп жүрміз. Ешкімге барып, көмек сұраған емеспіз. Үйге де өзіміз күтім жасаймыз.