Қызылорда облысында «Тазалық патрулі» жобасы іске қосылды

Еріктілер тобы қала, аудан, ауыл-аймақтағы «Орталық саябақ», «Тағзым» алаңы, архитектуралық формалар, көшелер мен арықтар, көпірлер мен ойын алаңдарының қоқыстан ада болуын қадағалайды.

Тазалыққа жаны құмар шиелілік жастар дала академигі атанған диқан Ыбырай Жақаев атындағы саябақты мұнтаздай етті. «Игі істер» марафонын қолдаған кәсіпкерлер тазалықшыларға қоқыс жинағыш 10 мотоцикл алып берді. Сондай-ақ тұрғындар қалдығын сұрыптайтын шағын кешендер іске қосылды. Ал «сана тазармай, қала тазармайды» деген тәмсілді ұстанған «Тазалық патрулі» волонтерлық тобы облыстағы бүкіл мекеме, жеке бизнестік құрылымдарға барып, айналаны ластамау жөнінде ескертпе үнпарақтар таратуға кірісті. 

Бибіфатима Дәулетияр, тазалық патрулінің мүшесі:

- Тұрғындарға, кәсіпкерлерге осы тазалық үндеуін ұсынып, тазалыққа шақырып жүрмін. Мен осы Қазақстанның таза болғанын қалаймын. Және таза ел, таза отбасы болады. 

Нұржан Сейітжан, Сырдария аудандық еріктілер тобының жетекшісі:

- Бұлар «Жасыл ел» жасағы тек қана шөп жұлумен айналысады. Арнайы белгіленген жерлерде өз құрал-саймандары, кетпен, қолғаптар, арнайы формамен шөп жұлады. Біздің жастар ресурстық орталығы тарапынан арнайы бейнероликтер және түсіндірме жұмыстары жиі жасалып отырады. Қоқыс тастамау және тазалық акциясына барлығының белсенді түрде қатысуына арнайы шақырып отырамыз.