Туристерден түскен қаржы ұлттық саябақтарға тиесілі болады

Бұдан былай ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлем ұлттық саябақтарға тиесілі болады.

Осындай өзгеріс 21 шілдеден бастап күшіне енеді. Енді туристер төлеген қаражат ұлттық парктердің арнайы шотына түседі. Табиғат қорғау мекемелері ақшаны қандай мақсатқа жұмсай алады?

Көкшетау ұлттық саябағы Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының миллионнан астам гектарын қамтып жатыр. Оның 182 мың гектары ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Ол жерлерде 22 туристік бағыт бар. Былтырдың  өзінде мұнда 70 мыңнан астам қонақ болған. Келушілердің саны жыл сайын артып, оларға қызмет көрсету шығыны да өсіп келеді. Сол себепті туристерден түскен қаржы ұлттық саябақтарда қалады деген хабарды естіген қызметкерлер қуанышын жасыра алмады.

Ербол Сағдиев, "Көкшетау" ұлттық саябағының бас директоры:

- Бұның бәрі қаржыландыру саласына үлкен жол ашады. Яғни қызметкерлердің жалақысы өсіп, техника жаңарады. Енді өрт қауіпсіздігі саласына айтарлықтай мән беріледі деп ойлаймын. 

Сонымен қатар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдалану тарифі де өзгерді. Бұрын әр турист 569 теңге төлейтін. Оның 200 теңгесі ұлттық парктің пайдасы болса, қалғаны республикалық бюджетке тиесілі болатын. Енді ақы кіретін автокөліктен ғана алынады. Жаңа бағаны орман шаруашылығы комитеті бекітуі тиіс.

Ербол Сағдиев, "Көкшетау" ұлттық саябағының бас директоры:

- Ақы тек автокөлік үшін алынады. Орташа есеппен жеңіл көлік үшін бір жарым мың теңге шығады. Ал сыйымдылығы 32 жолаушы болатын автобустар шамамен 25 мың теңге төлейді. Әрине бұның бәрі көліктің санатына байланысты болады. Енді төлемақы адам басына алынбайды.

Соңғы жылдары ұлттық саябақтың техникалық базасы айтарлықтай нығайып жаңарды. Өрт сөндіретін автоцистерна, орман өртіне қарсы төрт шағын кешен, осынша патрульдік көлік пен киім-кешек алынды. Бұған қоса саябақ аумағы өртті ерте анықтайтын жүйемен жабдықталды. Кіріс ұлғайған сайын техника жаңарады, дейді мамандар.

Евгения Свист, "Көкшетау" ұлттық саябағының рекреация және туризм жөніндегі инженері:

- Өте дұрыс шешім. Себебі қаражат саябақты дамытуға, табиғи ресурстарды сақтауға жұмсалады. Бізге ақша туризм саласынан түскенімен оның бәрі өртке қарсы материалдық-техникалық базамызды жақсартуға бағытталады.

Ұлттық саябақ туризм саласынан бөлек орманды санитарлық өңдеу жұмыстарынан да пайда табады. Енді жаңа бастама табиғи аумақтардың жай-күйін жақсартады, деген сенімде мамандар.

Рүстем Қайратұлы, Аслан Абуталипов, Евгений Шинкаренко, Виктор Полянный