Атырауда мемлекеттік қызметшілер экоакцияға үлестерін қосты
Атыраулық 2 мыңнан аса мемлекеттік қызметші «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілікке шықты.
Олар 30 тонна қоқыс жинап, арнайы полигонға төкті. Тазалық жұмыстарына 20 арнайы техника жұмылдырылды. Өңірде экологиялық акция әр апта сайын ұйымдастырылып келеді.
Мемлекеттік қызметшілер облыс орталығындағы 4 учаскеде тазалық жұмыстарын жүргізді. Бірлік ықшам ауданы маңынан «Химиктер» кентіне дейінгі аралық басқармалар мен департаменттерге бөлінді. Айналма жолдың бойы қоқыс пен арамшөптертен тазартылды.
Нұрлан Жантоқов, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
- Тазалық болса, денсаулық болады, деп қазақта айтады ғой. Сондықтан соған байланысты біз тазалыққа өзіміз шығып жатырмыз. Жұмыстардың барлығы аудандар мен қалада жүргізіліп жатыр. Ауылдық округке дейін жүргізіліп жатыр. Скверлерді, скамейкаларды, қала ішіндегі арықтарды тазалау, қалыпқа келтіру осы акция аясында жүргізілетін болады.
Тазалық акциясы аудандарды да қамтыды. Экологиялық мәдениетті қалыптастырып, қоршаған ортаны жақсартуда мұндай шаралардың маңызы зор, дейді облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Марат Әбуов.
Марат Әбуов, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары:
- Азаматтық тұрғыда өзімнің табиғатты сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында өзім үлгі болып, үлес қосып, осы Атырауымыздың тазалығын сақтауға бүгін акцияға қатысып жатырмын. Акцияға қатысып жатқан барша жерлестерімді көріп қуаныштымын. Баршаңызды «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысуға шақырамын.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы 27 мыңнан астам адам қатысып, 600 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Тазалау мен абаттандыру жұмыстары жыл соңына дейін жалғасады.
Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин