Қарғалы өзені жағасынан 25 тонна қоқыс жиналды

Ақтөбеде Қарғалы өзенінің жағасы тазартылды, деп хабарлайды 24KZ.

Бірқатар мемлекеттік мекеме, кәсіпорын және жастар ұйымдарынан жиналған 300-ге жуық адам шашылған қоқысты теріп, арнайы полигонға жөнелтті.

Қарғалы – қала аумағындағы үлкен өзендердің бірі. Оның бойында шомылатын орын көп. Сол себепті демалушылардан тыным жоқ. Бүгінгі акция аясында мұнда 25 тонна көлемінде қоқыс жиналды. Дәл осындай экологиялық шаралар бұған дейін Елек, Сазды өзендері мен Ақтөбе су қоймасының маңында өткен.

Күлзипаш Бөлекбаева, қала тұрғыны:

- Қаланың ішінде отырған соң тазалық керек. Мысалы, тазалықты ұстаймыз дегендер өздері талап ету керек. Баланы үйде тазалыққа үйрету керек. Қолына түскен нәрсе болса, оны жәшікке салу керек, далаға тастамау керек. Оның өзі де тазалық қой.

Нұржан Шаңғытбаев, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары штабының төрағасы:

- Бұған дейін біздер «Таза қала – таза жағалау» экологиялық акциямызда 300-ге жуық тонна қоқысты қала полигонына жіберген едік. Қазіргі таңда осындай акциялар арқылы қоршаған ортаны, табиғатымызды аялауды насихаттап келеміз.