Жезқазғанның саябақтарына сән кірді
Жезқазғанда саябақтарға сән кіре бастады.
Ұзақ жылдар бойы еш мекеменің балансында болмаған демалыс орындары әбден тозып кеткен еді. Қазір қураған ағаштары оталып, қоршауы жөнделіп жатыр. Бұл міндет жаңадан құрылған демалыс саябақтарын басқару коммуналдық мекемесіне жүктелді. Жаздың соңына дейін олар қаладағы саябақтардың суару құбырларын қалпына келтіріп, жасыл желекті түгелдей паспорттауы тиіс.
Жезқазғанда небары 4 саябақ бар. Соның ең үлкені осы «Наурыз» саябағы. Ұзақ жыл күтім болмаған соң қоршауы қирап, ағаштары қуарап кеткен. Биыл құрылған саябақтарды басқару мекемесі бірінші кезекте осы олқылықтарды жоюмен айналысып жатыр.
Бекзат Дайрабайұлы, қала тұрғыны:
- Мен өзім былтыр мына жерге тал ектім волонтер ретінде. Оның бәрі қараусыз қалып, былтыр қараған кезде сап-сары боп жатқан тұғын. Биыл жап-жасыл тамаша, ішіне отырсаң салқын леп беріп тұр. үлкен көрсеткіш көрініп тұр көзге. Өзім бала-шағаммен де келіп демалып кетем. Туыстармен келіп.
Саябақтағы арамшөптер мен қураған ағаштар оталып, түрлі ойын құрылғылары қойылды. Жарық шамдары орнатылған соң мұнда кешкі мезгілде келіп тынығатын адамдардың қатары да көбейген.
Серік Салықов, демалыс саябақтарын басқару мекемесінің директоры:
- Кәсіпкерлер келіп жатыр. орын сұрайды. «Наурыз» саябағынан орын беріп жатырмыз ойнайтын жастарға, балаларға. «Жастар» паркінен, Құрылысшылар алаңынан, Ғарышкерлер бақжолынан беріп жатырмыз. Кәсіпкерлер де қолдап, тазалықты сақтап отыр. Біз де көмек беріп жатырқ. Арамшөптерді орып жатыр.
Әкімдік тапсырысымен жылына қалада мыңдаған көшет егіледі. Бірақ, соның өсіп кеткені аз. Өйткені оған санақ жүргізіп жатқан ешкім жоқ. Одан бөлек саябақтарда суармалы су жүйесі істен шыққан. Биылдан бастап бұл міндет саябақтарды басқару мекемесіне жүктелді. Әзірге 1,5 шақырым құбыр қалпына келтірілді.
Тілеуқабыл Тәкеев, демалыс саябақтарын басқару мекемесі директорының орынбасары:
- Ағаштардың санағын жүргізу керек парктерде. Жүргізіліп те жатыр. Ол да біраз уақыт алады. Өйткені талдардың қанша жас екенін, қанша жылдық тал екенін бәрін есептеп, паспорттап кіргізуіміз керек.
Саябақтарды басқару мекемесіне биылға 270 млн теңге бөлінді. Қазір ұжымда 60 тан астам жұмысшы бар. Олар саябақтардан бөлек қаладағы 18 сквердің күтіміне жауапты.
Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов